Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Әлем елдерінің қорғанысқа бір адамға шаққандағы шығындары: Қазақстан Орталық Азияда көш бастады

Фото: Қорғаныс министрлігі

Әлемде қорғанысқа жұмсалатын қаржы өсіп жатқанымен, елдердің басым бөлігі үшін негізгі айырмашылық абсолютті бюджетте емес, бір адамға шаққандағы шығын көлемінде байқалады. Осы тұрғыда Израиль мен АҚШ алда тұрса, Қазақстан Орталық Азияда көш бастап келеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Еnergyprom.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.

2026 жылы жаһандық әскери шығындар артып келеді. Stockholm International Peace Research Institute (SIPRI) деректеріне сәйкес, әлемдік қорғаныс бюджеті 2,6 триллион доллардан асып, геосаяси шиеленістер аясында тұрақты өсім көрсетті.

Ал Global Firepower рейтингі елдердің әскери қуатын 60-тан астам фактор бойынша бағалайды. Бұл көрсеткіштердің ішінде қорғанысқа жұмсалатын қаражаттың бір адамға шаққандағы көлемі ерекше назар аударады. Ол елдің әскери қуатынан гөрі, халыққа түсетін "жүктемені" және қорғаныс саласының басымдығын көрсетеді.

Бір адамға шаққандағы әскери шығындар бойынша алғашқы орында Израиль тұр. Елде бұл көрсеткіш жылына 3,7 мың доллар (1 746 400 теңге) болады.

Халқы аз болғанымен, қорғанысқа бөлінетін бюджеті жоғары болғандықтан, Израиль айқын көш бастап келеді.

  • Екінші орында АҚШ шамамен 2,4 мың доллар (1 132 800 теңге). Бұл елдің жалпы әскери бюджеті әлемдегі ең ірі 831,5 миллиард доллар.
  • Үшінші орында Аустралия 2,1 мың доллар (991 200 теңге).

Фото: Еnergyprom.kz

Германия мен Ресей әртүрлі әскери саясат ұстанғанымен, бір адамға шаққандағы шығындары шамалас шамамен 1,5 мың доллар (708 000 теңге).

Ұлыбритания мен Украина да осы деңгейге жақын 1,3 мың доллар (613 600 теңге) көлемінде. Халқы көп мемлекеттерде бір адамға шаққандағы шығын айтарлықтай төмен. Мысалы, Қытайда бұл көрсеткіш шамамен 214 доллар (101 008 теңге) болса, Үндістанда небәрі 77 доллар (36 344 теңге).

Сол сияқты Индонезия 39,6 доллар (18 691 теңге), Пәкістан 36,1 доллар (17 039 теңге) және Египет 46,7 доллар (22 042 теңге) сияқты елдерде де бұл көрсеткіш төмен деңгейде қалып отыр. Бұл халық санының көптігімен тікелей байланысты. Орталық Азия елдері арасында қорғанысқа бір адамға шаққандағы шығын айтарлықтай төмен, бірақ өңір ішінде айырмашылық бар.

Қазақстан көрсеткіш бойынша көш бастап тұр. Жылына 288,1 доллар (135 983 теңге). Одан кейін Түрікменстан 254,7 доллар (120 218 теңге) және Өзбекстан 170 доллар (80 240 теңге) орналасқан.

Фото: Еnergyprom.kz

Қырғызстан мен Тәжікстанда бұл көрсеткіш тиісінше 106 доллар (50 032 теңге) және 43,3 доллар (20 438 теңге) болады. Сарапшылардың айтуынша, экономикалық тұрғыдан дамыған елдер қорғанысқа көбірек қаржы бөле алады. Алайда басты фактор – қауіпсіздік деңгейі мен сыртқы қатерлер.

Сондықтан кейбір мемлекеттерде, әсіресе геосаяси тәуекелі жоғары өңірлерде, халық саны аз болса да, қорғаныс шығындары жоғары болып келеді. Ал Орталық Азияда бұл көрсеткіш көбіне экономикалық мүмкіндіктер мен демографиялық құрылымға байланысты қалыптасады. Қазақстанның аймақтағы көшбасшылығы да осы факторлармен түсіндіріледі.

Аягөзде сарбаз менингиттен қаза болды: Дәрігер сотта амнистияға ілікті

Аягөзде сарбаз менингиттен қаза болды: Дәрігер сотта амнистияға ілікті

Оқыңыз

Еске салайық, одан екі жыл бұрын мәжілісте 2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет жобасы талқыланған кезде депутат Ермұрат Бапи қорғаныс саласына бөлінген қаржы көлеміне қатысты сын айтты. Оның пікірінше, Қазақстан қорғанысқа ЖІӨ-нің тым аз үлесін (шамамен 0,4–0,8%) жұмсап отыр және бұл қазіргі геосаяси жағдайда жеткіліксіз. Депутат Украинамен салыстыра отырып, қорғаныс шығындарын арттыру қажеттігін көтерді. Сонымен қатар ол мамандар болжамына сүйеніп, 2030 жылға қарай әскери қауіп туындауы мүмкін екенін мәлімдеді.

Айым Атамбаева
Сейсенбі, 07 Сәуір, 2026 12:25