Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Алдыңғы азиялық қабылан Үстірт қорығында фотоқақпанға түсіп қалды

Желіде алдыңғы азиялық қабыланның Үстірт қорығына қайта оралғаны туралы суреттер пайда болды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото Сәкен Ділдахмет Facebook парақшасынан

Жануардың фотоларын қоғам белсендісі Сәкен Ділдахмет өзінің Facebook парақшасында жариялады. 

“Алдыңғы азиялық қабылан Үстірт қорығында тағы да пайда болды. Керемет!”, – деп жазды ол. 

Желі қолданушылары: “Суды қайдан тауып ішеді екен? Үстірт шөлді жер емес пе?”, “Ғаламат, біздің елде, леопард бар”, “Керемет”, “Ол бұл жерде әуелде болған еді, жоғалып кетіп, қайта пайда болғаны қызық. Мұнда арқар да болған”, – деп пікір қалдырды. 

Алдыңғы азиялық қабылан — қабыланның әлемдегі ең үлкен түрінің бірі. Дене ұзындығы 126—183 см-ге дейін, құйрығының ұзындығы 94—116 см, жотасына дейін биіктігі 76 см-ге, салмағы 70 келіге жетуі мүмкін. Алдыңғы азиялық қабыланның негізгі қорегі бұғылар, қарақұйрықтар, арқарлар, тау ешкілері және жабайы қабандар сияқты орта тұяқтылар. Сонымен қатар қояндар мен жайралар, түлкілер, шиебөрілер мен сусарлар тәрізді ұсақ жыртқыштар, құстар мен бауырымен жорғалаушылар кіруі мүмкін.



Мамандар қабылан Қазақстанға көрші Түркіменстаннан келді деп санайды. Жануардың бұл түрі жойылуға жақын түр болып саналады.

Еске салсақ, бұған дейін Ресей Қазақстанға сирек кездесетін жолбарыстарды жіберуге дайын екенін мәлімдеген еді.

Талқылау