Түркияға баратын қазақстандықтарға тұрғын үй алаяқтарына байланысты ескерту жасалды
Түркияда туристерді алдайтын алаяқтардың саны артқан. Бұл елге жол тартпақ қазақстандықтарға қонақүйлер мен пәтерлер ақшасын алдын ала аудармауға кеңес берілді. Мұны Түркияда тұратын қазақстандықтар да растап жатыр. Риелтор атын жамылғандар жалдамалы пәтерге алдын ала төлем алған соң байланысын үзеді екен. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” жаңалықтар порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото сюжет кадрларынан
Атырау тұрғыны Ерназар Құсайынов жыл сайын отбасымен Түркияға барады. 2023 жылы ол дәл осылай алаяқтардың тұзағына түскен. Айтуынша пәтерді жалға беремін деген адамға сеніп, оған 500 мың теңге жіберген. Алайда соңында не пәтер, не ақша жоқ болып шыққан.
"Былтыр отбасыммен турагентсіз алдын ала ұшып, ұшақ билетін сатып алып, үй жалдадық. Ал үйді көрсетуі керек риэлторлар байланысқа шықпай кетті. Осылайша алданып, баспанасыз қалдық. Кейін бізге қарызға ақша алып, қонақүй жалдауға тура келді. Мұнда келуді жоспарлаған туристерге айтарым, егер сіз ақша үнемдегіңіз келсе, алдын ала келіссөздер жүргізгеніңіз немесе арнайы мекемелермен келіскеніңіз жөн", – дейді Құсайынов.
Түркияда шын мәнінде шетелдік азаматтарды алдайтын алаяқтар саны артқан. Мұндай фактілердің өсуін жергілікті полиция да растайды. Олар әсіресе, қонақүйлер мен пәтерлерді алдын ала брондау кезінде мұқият болу керек екенін ескертеді.
Ыстамбұлда тұратын қазақстандық Мәдина Ерболқызы да алаяқтар алғашында әбден сенімге кіретінін жеткізді.
"Егер сізге ақша қайтарылмаса, кез келген ауданның полиция бөліміне хабарласыңыз. Өтініш бергеннен кейін сол аймақтағы кез келген қонақүйге барып, нөмірді жалға алуға болады. Екіншіден, сіз таныс риэлторға немесе агенттікке жүгіне аласыз. Үшіншіден, сайттағы ресми деректер бойынша қонақүйлерге хабарласыңыз", – деді Мәдина Ерболқызы.
Құқық қорғау органдары шетелге саяхаттау кезінде туристік агенттіктерге хабарласуды ұсынады.