Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеліктер жер телімі полигонның жанынан берілгеніне шағымданды

Ақтөбе тұрғындарына жер телімдері стихиялық полигонның дәл жанынан берілген. Қоқыс жүк көліктерімен заңсыз әкелінеді екен. Заңсыз полигон бірнеше шақырымға созылып үлгеріпті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Астана арнасына сілтеме жасап хабарлайды.

Видеодан скриншот

Кезекте тұрғандар "Рауан-2" жаңа тұрғын алабынан жер телімдерін 2017 жылдан бастап ала бастаған. Айтуларынша, қоқыс таулары күннен күнге биіктеп барады. Мұнда құрылыс және тұрмыстық қалдықтар көлікпен тасымалданады. Ал қоқыс төккен тәртіп бұзушыларды ешкім ұстамайды.

"Қоқыс жасырын шығарылады. Біз мұны қадағалай алмаймыз, мұнымен полиция айналысуы керек. Олар бұл туралы біледі, десе де қадағаламайды. Полицейлер оларды ұстап, айыппұл салуы керек”, – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Базарбай Бекжігітов.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, қоқыс үйіндісі жаңа тұрғын аудандар пайда болғанға дейін де болған. Қазір ол екі шақырымға жуық созылып жатыр. Бірнеше жылдан бері тұрғындар аумақты тазартуды талап етіп келеді. Сонымен қатар кейбір жер учаскелері қоқыс тауларының арасында орналасқаны белгілі болды.

"Екі жыл бойы біз  алып тастауды талап етіп келеміз. Бұл жерден қағаз, сөмке, түрлі қоқыс ұшып жатыр. Оның үстіне дәл осы жерде қоқыс жәшігінде жер телімдері бөлінген! Әуелі құрылысқа дейін бәрін тазарту керек, оған дейін қоқыс шығаруға 50 миллион бөлінді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі жұмысты бастаймыз деп уәде береді, бірақ күткенімізге қанша уақыт болды", – деді Ақтөбе қаласының тұрғыны Бақытбек Нағыпбеков.

Билік өкілдерінің айтуынша, қалада қоқыс төгу мәселесі өте өзекті. Өткен жылы ғарыштық мониторинг нәтижелері бойынша осындай 20-ға жуық нүкте анықталған. Мәселен, осы полигонның өзі 10 гектардан астам жерді алып жатыр. Осы жылдар ішінде онда 20 мың тоннадан астам қалдық жиналды.

"Бүгінде 239 миллион теңге бөлінді. Конкурстық рәсімдер 10 жұмыс күні ішінде анықталады, содан кейін жұмыс басталады”, – деді Ақтөбе қаласындағы Алматы ауданы әкімінің орынбасары Дархан Тілеуов.

Билік Рауан-2 тұрғын алабының маңындағы стихиялық полигонды бір айда жоюға уәде беріп отыр. Сонымен қатар шенеуніктер тұрғындарға қоқыстарды заңсыз шығару фактілері туралы хабарлауды ұсынды. Тәртіп бұзушыларға 73 мың теңгеден 369 мың теңгеге дейін айыппұл салынады.

Талқылау