Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтөбеде жөндеуге және күтіп-баптауға 200 миллион теңге бөлінген субұрқақтар жаз басталғалы қосылмаған

Миллиондаған қаржыға салынып, жыл сайын күтіп-ұстауына қыруар ақша бөлінетін субұрқақтар қараусыз қалған. Тастары үгітіліп, құбырларын тот басқан. Қала тұрғындары аптап ыстықта қосылмай тұрған субұрқақтарға алаңдап отыр. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Информбюро бағдарламасына сілтеме жасап хабарлайды.

Фото видеокадрдан скриншот жасалған

Ақтөбе тұрғыны Гүлсім Қадырова субұрқақтар екі жылдан бері қараусыз тұрғанын айтты.

“Жаз басталды, фонтан керек. Тезірек кірісіп, балалар ойнап, әдемі болуы керек еді. Жалғыз мына жерде емес, басқа жерлерде де субұрқақтар болуға тиіс. Бір кездері әуенді фонтан бар еді. Қазір ол да жоқ. Мына жерде қаншама халық тұрады. Күн ыстық”, – деді Гүлсім Қадырова.

Ал тағы бір тұрғын Шолпан Демесінова серуен кезінде балаларының субұрқақпен фотоға түскісі келетінін айтып, шағымданды.

“Бізге фонтан керек. Қандай да бір саябаққа барсаңыз, дым фонтан жоқ. Далаға шығып, кешке қарай серуендегің келеді. Фотоға түсейін десең, ешнәрсе жоқ. Субұрқақ әдемі етіп жасалса, балалар мәз болып қалар еді. Былтыр істейміз деп жоқ болды”, – деді қала тұрғыны.



Ақтөбе қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімінің бас маманы Бақтияр Төрешовтың айтуынша, былтыр қаладағы субұрақтарды жөндеуге 184 миллион теңге бөлініпті. Алайда мердігер компания өз ісіне жауапсыз қарап, жұмысты бастамаған. Шенеуніктер сотқа беріп, бөлінген ақшаны кері қайтарып алғанын айтты. Бізге “Шалқар-бастау” мекемесімен жаңа келісімшартқа отырып, осы төрт фонтанды жасап беретін болды. Бұған 107 миллион ақша бөлінді. Қалған 10 фонтан демеушілік көмекпен жасалып жатыр. Күтіп-баптау бойынша 22 миллион ақша бөлінді. 

Қазір қаладағы 21 субұрқақтың тек үшеуі ғана істейді. Жергілікті билік өкілдері жөндеу басталды деп отыр. Олар субұрқақтар кезең-кезеңімен іске қосылады деп сендірді.

Еске салайық, бұған дейін Алматыдағы “Қазақстан” қонақүйінің жанындағы субұрқақты қайта жаңарту бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары рұқсат құжаттарынсыз жүргізілгенін жазған едік. Осы ретте Алматы мәдениет басқармасы қонақүйдің жанында көрсетілген субұрқақ ескерткіштің бөлігі емес екенін, алайда ол күзет аумағында орналасқанын атап өтті.

Талқылау