Ақтөбе имамдары ас беру кезінде жайылатын дастарханның жалпыға ортақ мәзірін бекітпек
Ысырапшылдыққа қатысты Ақтөбенің имамдары жақсы ұсыныс айтты. Енді имамдар өлім-жітім кезінде берілетін астың мәзірін халықпен ақылдаса отырып, өздері дайындап шығармақ. Яғни, тағамның белгілі бір түрлеріне ғана қоюға рұқсат беріледі. Жеміс-жидек пен тәттілердің кейбір түріне тыйым салынуы мүмкін.
Фото: Muftyat.kz
Бұл туралы 31 арна хабарлайды.
Ақтөбе облысы аумағында ас беру кезінде қойылатын тағам түрлеріне шектеу қойылуы мүмкін. Өйткені жаназадан соң жайнатып, ас та төк дастархан жасау имамдардың көңіліне қонбайды. Айтуларынша, садақаның өзіне тән дастархан мәзірі болуы керек.
“Бұл бірінші ысырапшылдыққа жол бермеу және екінші мәселе өзінде жоқ бола тұра, қарыз алып, қауғаланып бұл діни рәсімді атқаруға міндетті емес екендігін түсіндіру. Әркім өзінің көрпесіне қарай көсілуін көрсету. Бұл жалпы ұсыныс деңгейінде. Біз енді әрине ешкімнің табағын, ешкімнің дастарханын билей алмаймыз. Тек енді жалпы осы шара бұл діни рәсім екендігін, мұнда ас та төк ысырапшылдыққа бармау керек екендігін елге жеткізу үшін, насихаттау үшін атқарылып жатқан шара”, – дейді Ақтөбе облысының бас имамы.
Қазір осы ас мәзірі бойынша облыс көлемінде сауалнама жүргізіліп жатыр. Соның нәтижесінде дастарханға қойылатын немесе қойылмайтын тағам түрлері анықталуда. Ақтөбеліктердің басым көпшілігі садақаларда берілетін тамақ мәзіріне қазақтың ұлттық тағамдары: ет, бауырсақ, шелпек, сары май, қаймақ, тары-талқан, құрт қосылса деген екен. Ал керісінше шұжық, тауық еті, жеміс – жидек, тәттілер садақаның дастарханына артық деп есептейді.
Имамдардың бұл бекітетін ас мәзірі халыққа тек ұсыныс ретінде таратылады деп отыр. Ал облыстағы барлық мешіттердегі асханаларда алдағы уақытта осы бекіткен талап бойынша ғана дастархан жайылатын болады.
Жіберіп алмаңыз:
Бірінші топтағы мүмкіндігі шектеулі жан компьютер жөндеп, отбасын асырайды
17 жылдан бері Қазақстан азаматтығын ала алмаған көпбалалы ана жұрттан көмек сұрады