Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтаудағы Rixos қонақүйіне салынған айыппұл көлемі 350 млн теңгеге дейін артты – Экология министрі

Ақтаудағы Rixos қонақүйіне салынған айыппұл көлемі 350 миллион теңгеден асты. Экология министрі Ерлан Нысанбаев осылай деп мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Үкімет

Үкімет отырысынан кейінгі брифингте экология министрлігінің басшысы Ақтаудағы Rixos қонақүйінің Қаракөл көліне төгінді суларды ағызғаны туралы сұраққа жауап берді. Шенеуніктің айтуынша, жоспардан тыс тексеру жүргізіліп, 300 миллион теңгеден астам сомаға залал келгені анықталған.

"Оларға суды тоғанға төгуге мүмкіндік берген құбыр толығымен қайта жасалды. Орталық кәріз жүйесіне қосылды. Бұдан былай компания кәріз суларын көлге ағызбайды", – деп сендірді Нысанбаев.

Министр айыппұлдың нақты мөлшері туралы сұраққа "Қателеспесем, шамамен 300 миллион, 352 миллион теңге" деп жауап берді. 

Еске сала кетейік, 8 қаңтарда табиғи орта ассоциация кеңесінің төрағасы Ә.Қозбақов Aktau Tourism City Ltd жеке компанияның филиалы мен TetysBlu паркі жағынан Қаракөлге құбыр арқылы төгінді су құйылып жатқаны бойынша арыз түсірген.

“Аталған дерек бойынша департамент "Rixos Water World Aktau" қонақүйіне Қазақстан Республикасының кәсіпкерлік кодексінің 144-бабы 5-тармағының 3-тармақшасына сәйкес, 2024 жылдың 9 қаңтарында №3 санды жоспардан тыс тексеріс жүргізді. Тексеріс нәтижесі бойынша экологиялық заң талаптары сақталмағаны анықталып, ҚР "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 331-бабының 2-тармағына сәйкес осы баптың бірінші бөлігінде көзделген 1 846 000 тенге айыппұл салынды. Сонымен қатар "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" кодексінің 328-бабының 1-тармағына орай қоршаған ортаға жағымсыз әсер ететін жұмыс істеп тұрған нысанға жаңадан берілген экологиялық рұқсатсыз эмиссияларды жүзеге асырғаны бойынша іс қозғалған және айыппұл 232 663 теңге салынды”, – делінген хабарламада.

Талқылау