Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Ақтауда терезеден лақтырған диван ер адамның үстіне түскен: Тұрғын сал болып қалды (видео)

Ақтауда жоғарғы қабаттан лақтырған диван ер адамның үстіне түскен. Салдарынан оның мойын омыртқасы сынып, облыстық ауруханаға жеткізілді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Inaktau.kz басылымына сілтеме жасап. 

ер адам

Оқиға 12 қаңтарда 13:00 шамасында болған. Диванды алтыншы қабаттың терезесінен лақтырған. 

"Ол жерде көпбалалы отбасы тұрады дейді, 11 баласы бар. Оқиға кезінде галереядан 12-13 жас шамасында жасөспірімді көрген. Ал ата-анасы үйде болмапты. Диванды лақтырған сәтін көрген куәгерлерді іздейміз", – дейді зардап шеккен ер адамның ағасы. 

Туыстарының сөзінше, қазір ол ауруханада. Мойын омыртқасы үзіліп, аяқ-қолы сал болып қалған. Ағасы полицейлердің тек кешкі уақытта келгенін айтады. 

Маңғыстау облыстық ауруханасының өкілдері ер адамның жағдайы өте ауыр екенін айтады. 

"Зардап шегушінің мойын омыртқасы сынған, жұлыны зақымдалған. Толығымен сал тартып қалды. Алдағы уақытқа болжам жасау қиын", – делінген баспасөз қызметінің хабарламасында. 

Қазір полиция "Абайсызда денсаулыққа зиян келтіру" бабымен іс қозғаған. 

Талқылау