Ақтаудағы ұшақ апатына Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі себеп болғаны туралы ақпарат тарады: Қазақстан билігі не дейді
Ақтау маңындағы ұшақ апатына Ресейдің әуе қорғаныс жүйесі себеп болғаны туралы ақпарат тарады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Видеодан скрин
Бұған дейін желіде апатқа ұшыраған Embraer ұшағының шұрық-тесік бөлшектері түсіріліген видео тараған еді. Ресейлік телеграм арналарында мұндай тесіктердің әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерінің жұмысы кезінде пайда болуы мүмкін екені туралы ақпарат тарады. Олардың мәліметінше, таңертең Шешенстан мен Владикавказға ұшқышсыз ұшақтармен шабуыл жасалған, Грозныйда әуе қорғаныс жүйесі шамамен ұшақ апатынан бір сағат бұрын іске қосылған.
Әскери сарапшы Ян Матвеев ұшақтың Каспий теңізінің үстінде 9 км биіктікте ұшқанын, мұндай қашықтықта ұшаққа “Панцирь-С1” әуе қорғаныс жүйесі қол жеткізе алатынын мәлімдеді.
Апатта аман қалған жолаушылардың бірі Рахимов RT арнасына берген сұхбатында ұшқыштар ұшақты Грозныйға үш рет қондырмақ болғанын, үшінші рет қонғалы жатқанда ұшақ сыртынан жарылыстың даусы естілгенін айтты.
-
"Жарылыстың дыбысын естідік": Ақтаудағы апаттан тірі қалғандар ұшақтың қалай құлағанын айтып берді
-
Ақтауда апатқа ұшыраған ұшақ бортындағы қазақстандықтардың барлығы қаза тапқан
Ақтауда өткен брифингте үшақ апатын зерттеу бойынша комиссияның жетекшісі Қанат Бозымбаев ұшақ апатының себебі туралы сұраққа жауап берді.
"Апаттың алдын ала себебінің өзін анықтау мүмкін емес, бұл үшін арнайы мамандар бар. Олар жұмыс істеп жатыр. Сонда барлығы түсінікті болады. Мен қазір еңтеше айта алмаймын. Адамдардың не жазып жатқандарын көрдім... Ұшақ жерге құлап, аударылып жатқанда, көп жағдай болуы мүмкін. Сондықтан нақты қортынды жасай алмаймын. Мамандар жұмыс істесін", – деді вице-премьер Қанат Бозымбаев.
Ұшақ апатының себептеріне қатысты тергеу "жол қозғалысы немесе әуе көлігін пайдалану қауіпсіздігі ережелерін бұзу" бабы бойынша жүргізілуде.
Апат орнынан ұшақтың қара жәшігі тәркіленді. Қара жәшік айғақ ретінде қылмыстық іске қосалатыны хабарланды.
Көлік министрі Марат Қарабаевтың айтуынша, ұшақпен байланыс сағат 11:28-де үзілген, ұшақ сағат 11:30-да апатқа ұшырады.
Еске салсақ, Ақтау маңында Бакуден Грозныйға ұшып бара жатқан "Azerbaijan Airlines" әуе компаниясына тиесілі жолаушылар ұшағы құлағаны туралы жазған едік. Желіде ұшақтың ішінде апатқа дейін және кейін түсірілген видеолар пайда болды.
Қазір апат болған Түпқараған ауданында жергілікті ауқымдағы төтенше жағдай жарияланды. Ұшақ апатынан 38 адамның қаза тапқаны белгілі болды.