Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақшасын қолма-қол әкеліңдер": Дәулет Мұқаев "Алатау серілері" тобын колледж оқытушыларына күштеп билет сатқызды деп сынады

Халық қалаулысы Дәулет Мұқаев колледж оқытушыларына “Алатау серілері” тобының концертіне күштеп билет сатқызып жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Фото: Жеке парақшадан алынды

Айта кетейік, 1 мамыр күні Республика сарайында “Алатау серілері” жеке концертін бермек. Депутат оқырман хатын жеке парақшасына жариялады. 

“Колледж оқытушысы болып жұмыс істеймін. Бізге қинап билет алғызып жатыр. 5000 теңгені оқытушылар мен студенттерден қолма-қол жинап жүр. Қайда жүгінсек болады. Үнемі осылай ақша жинатады”, – деп жазған оқырманы. 

Депутаттың сөзінше, бір күнде бірнеше оқырманынан осындай хат алған. 

“Осы мазмұндағы хаттар жиі келіп жатады. Мұғалімдерді концертке билет алуға мәжбүрлеу – заңсыз! Білім саласының қызметкерлерінен, атап айтқанда колледж, мектеп мұғалімдерінен “Алатау серілерінің” концертіне 5000 теңгеден билет алуды талап етіп жатыр деген бірнеше хат келді. Бұл – өрескел заңбұзушылық. Республика сарайына адам толмай жатса, мұғалімдердің не жазығы бар?! Шағын сахналар да концерт беруге болады. Көресіздер, мына посттан кейін мәжбүрлі билет алдыруға қатысты білім бөлімі де, “Алатау серілерінің” жігіттері де ештеңе білмей шығады”, – деді мәжілісмен. 



Stan.kz тілшісі аталған өнерлі топтың менеджеріне хабарласып көрді. 

“Біз де әлеуметтік желіден оқыдық. Мәжбүрлеп билет сатуға ешқандай қатысымыз жоқ. Ұйымдастырушылардан колледж бастығы 100 билет алған. “Біз сіздерге көмектесейік, сатып берейік” депті. Негізі билет бағасы – 3 мың теңгеден басталып, 20 мыңға дейін жетеді. Қазір осы шудан кейін 100 билетті қайтарып алдық. Сатып алғандардың ақшасы түгел қайтарылады. Концерт алдында мынадай жанжал қажет емес. Топ мүшелері немесе продюсері билет алуға ешкімді мәжбүрлемеген”, – деп жауап берді ресми өкілі. 

Фото: https://www.instagram.com/daulet_mukayev/

Талқылау