Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Әкімнің халықпен шаруасы жоқ": Ақтөбеде су басудан зардап шеккен тұрғындар уәде етілген көмекті ала алмай жүр

Ақтөбеде көктемгі тасқын кезінде үйлерін су басқан тұрғындар шененуіктерге ашулы. Бала-шағаларымен далада қалдық деген олар әкімдік тарапынан көмек көрсетілмегенін айтады. Сөзінше, шенеуніктер жатақханаға орналастырып, балаларына мектепке қатынау үшін арнайы автобус береміз деген. Ал өздеріне үйлерін жөндеуге ақша бөлеміз деп уәде етіпті. Алайда шенеуніктер үйіп-төккен уәделерін орындамақ түгілі сол күйі төбе көрсетпеді дейді жиналғандар, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі 31-арнаның “Информбюро” бағдарламасына сілтеме жасап. 

үй

Бастарындағы жалғыз баспанасы суға кетіп, далада қалған тұрғындар бір жарым айдан бері әкімдікті жағалап жүргендерін айтады. Сөздерінше, жауаптылар осы күнге дейін су басудан зардап шеккендерге көмек бермек түгілі, шығындарын да әлі есептеп бітірмеген. Далада қалған тұрғындардың бірі қазір әкімдік уақытша берген жатақханада тұрып жатса, енді бірі пәтер, туыс жағалап кеткендерін айтады. 

“Қай уақытқа дейін күтеміз? Екі ай болды қаңғып жүргенімізге. Үйіміз бар, бірақ бара алмаймыз. Қазақстан көктеп жатыр дейді. Қазақстан емес, біздің үй көктеп жатқан. Ешнәрсе шешілмеген. Екі ай жатақханада жаттық. Осы күнге дейін шыдаммен күттік”, – деді тұрғын Ақбота Оразова. 

“Су басқалы әкімді көрген адам емеспіз. Оразалинді мүлде көрген жоқпыз. Халықпен бір кездескен жоқ. Әкімнің халықпен шаруасы жоқ. Бәрі кетті суға. Біз техниканы айтып жатқан жоқпыз. Бізге құрылыс материалы керек. Бағасы шаш жеткізбей жатыр”, – дейді тұрғын Жәмилә Айтқалиева.

"Шенеуніктердің үйіп-төккен уәдесін күтіп төзіміміз таусылды" деген тұрғындар әкімдікке осымен бір емес, үшінші рет келіп тұрғандарын айтады. Ал әкімдіктегілер су тасқынынан кейін екі ауданда құрылған комиссия сәуірдің сегізінен бері шығынды жан-жақты есептеп жатыр дейді. Қазір суға кеткен 137 үйдің 99-на ғана бағалау құжаты дайындалыпты. Ал тұрғындар комиссия шығынды әділ есептеп, тезірек қайтарып берсе деп тілейді. 

“99 үйге қазір 116 миллион теңге бөлу туралы құжат дайындап болдық. 16 үйге осы аптаның аяғына дейін бітіреміз. Ал 22 үйдің құжаты жоқ. Осыған байланысты біз төлей алмаймыз. Қазір сол құжаттарын ретке келтірсе, қарастыратын боламыз”, – деп мәлімдеді Ақтөбе қаласының әкімі Асхат Шахаров.

Талқылау