"Әкімдік рұқсатынсыз тамаққа жоламаңдар" деп айтты: Ақтөбеде өрт салдарынан үйсіз қалғандар шенеуніктердің әрекетіне қапалы
Ақтөбеде көпқабатты үйдің тұрғындары бір түнде далада қалды. Тілсіз жаудан бір подъездегі 12 пәтердің бесеуі бүлінген. Қазіргі таңда өрттің шығу себептері анықталуда, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі Еуразия бірінші арнасына сілтеме жасап.
Тұрғындар тілсіз жау үйдің екінші қабатынан басталғанын айтады. 80 жыл бұрын тұрғызылған нысанның шатырынан түк қалмаған. Әсіресе екінші қабатта тұратындардың пәтері қатты бүлінген.
Александр Лавриненко сөзінше, оны ұйықтап жатқан жерінен көршілері оятқан. Жанталасып есігін аша алмай қалып, терезеден секірген. Мысығы мен 4 марғауы тірідей жанып кеткеніне қапалы. Тілсіз жаудан келген шығынын 2,5 млн теңгеге бағалап отыр.
"Жалғыз өзім тұрамын, мысығым мен 4 марғау бар еді, олар жанып кетті, соларды жерледім. Комиссия қарап еді, жоғары қабаттағы электр тоғынан шыққан деді. Әрі қарай жел көтеріп кеткен. Бұл желілілердің өзіне 90 жыл болды ғой, ал КСК ақша алғаннан басқа, түк бітірмейді. Өзім зейнеткермін, енді қайда барам?" – дейді ол.
12 пәтердің 5-і жанып кеткен. Қазір оншақты тұрғын уақытша жатақхананы паналап отыр. Ас-суды еріктілер әкеліп берген.
"Жатақханаға ас-су әкеп берді. Бірақ тамаққа әкімдік рұқсат бермейінше жоламаңдар деп айтты. Біз бір күн бойы аш отырдық. Сосын еріктілер азық-түлік алып келді", – дейді зейнеткер.
Зардап шеккен жұрт шенділерден подъезді жөндеп, шатырды жаңалап беруді сұрайды.
Қалалық әкімдіктегілер тек шатырды жөндеп беретіндерін айтқан. Сол үшін комиссия құрып, жобалық-сметалық құжатын әзірлеп жатырмыз дейді. Баспанасыз қалғандарды уақытша екі аптаға колледждің жатақханасына орналастырған.
"Бюджеттен негізі бұл жұмыстарға еш қаражат қарастырылмаған. Дегенмен, біз қазіргі уақытта резервтен алуға тырысамыз", – дейді қалалық әкім аппараты төтенше жағдайлар бөлімінің басшысы.
Төтенше жағдайлар департаментіндегілер өрттің себебін әлі анықтап жатыр. Қызыл жалын 200 шаршы метр аумақты қамтыған.