Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Ақ кебінге дейін дайындап, ғұсыл алып кетті": Қарақат Әбілдина марқұм анасының соңғы күндері қалай өткенін айтты

Қарақат Әбілдина өмірден озған анасын сағынышпен еске алды. Анасының соңғы күндерін баяндаған әнші елді жылатты. Қарақат ханым өзгелерге ата-ананың қадірі жайлы айтты. 

Қарақат Әбілдина марқұм анасының соңғы күндерін баяндады. Әншінің айтуынша, анасы өмірінің соңында бала-шағасымен қоштасқандай болыпты.

“15 мамыр күні хабарласты. Әншейінде ауылда сеть ұстамайтын. Сол күні Алла қарайласып байланыс тіпті жақсы болып еді. Көгілдір экраннан мөлдіретіп, тұп-тұнық көрсетіп, Аяланы құттықтады. Одан әр баламен жеке-жеке сөйлесіп, “ Апаларың келеді жақында, анау әкелем, мынау әкелем деп сақтаған, қақтаған сарқыт-сыйлығын санап айтып, бата-тілегін беріп, жарқырап-жайнап у-шу болып едік. Ал 2 күннен кейін, 17- мамыр күні ойламаған жерден өмірден өтті де кетті”, – деп жазды әнші.

Қарақат ханым анасының ақ кебінге дейін дайындап кеткенін жеткізді. Ғұсыл дәретін алып, таза күйінде қасиетті Рамазан айында бақиға аттанды дейді.

“Соның алдында өзі үйде қалып, үйдің бәрін томпаңдап жинап, түгендеп, төсеншектің бәрін қағып-сілкіп, өзі тіккен көрпелердің қырын шығарып тұрып жинап, улкен екі сандығындағы шапан-шапқыттарының бәрін реттеп… Баяғыда алып сандықтың түбіне салып қойған кебінді (ақ мата) әбдіренің бетіне шығарып, елге таратасың - деген заттың бәрін дайындап, барып жабады ғой. Содан ғұсыл деретін алып шығып келе жатқанда басы айналып бірақ құлайды. Ауруханаға жеткізілген сол күні, таң ата жүріп кетеді. Өзі үнемі тілейтін “Алла мені бақпалы қылмай,ешкімге кіріптар етпей жөніңмен ал” деп.Тілегін жаратқан берді қазасы ең жақсы уақыт - Рамазанның соңғы 10 күндігіне келтірген екен. Томпаңдап жүріп кете барды. Содан бері 2 жыл өтіпті”, – дейді қызы. 

Әнші бүгінде анасын сағынышпен еске алады. Аяулы анасы екі жыл бұрын келмеске кеткен еді.

“Бүгін міне тамағыма өксік тығылып, теріп жазып отырмын. Анаға деген сағыныш. Ана - қазына, байлығың, Жаннатқа кірер есігің. “Айналайыным оу” деген сөзінің өзі не тұрады! Бойыңа қанат, күшіңе күш қосады. Қарайып тек аман жүрсе анасы - ең бақытты адам сол шығар. Кең бола бер, кең болсаң кем болмайсың" деген ақылы маған мәңгілік мұра болып қалды.

Мен сияқты өзі ана болса да, анасын сағынып, жүрегі сыздайтын жандар көп шығар… Дүниеден озғандарын Алла алдынан жарылқап, мейіріміне бөлесін. Ал аман болып, алдында жүрген адамдар анасының қадірін біліп, ыстық алақанының табын сезініп, мейіріміне тойсын, қуантсын, батасын алсын деп тілеймін. Сағындым ана өзіңді”, деп жазды. 

“Жаным апатай, жатқан жеріңіз жайлы болсын”, – деді Мәдина Сәдуақасова.

“Әруағы риза болып, жатқан жері жайлы болсын”, – деді Маржан Арапбаева. 

“Анаңыздың жаны жәнатта, топырағы торқа болсын, ұрпақтары аман болыңыздар”, “Көзіме жас алып оқып шықтым. Анашым аман болса екен”, “Аналар аман болсыншы. Анаңыздың жаны жәнатта болсын, Қарақат апай”, –деп жазды көпшілік. 


Талқылау