Air Astana компаниясы алдағы уақытта ІРО-ға шығатынын растады
Қазақстандық "Air Astana" әуе компаниясы алдағы уақытта ІРО-ға қатысып, акциясының бір бөлігін сатылымға шығаратынын растады. Ал түскен қаржы компанияның қызметін жақсартуға жұмсалады екен. Листинг аясында қарапайым акциялармен қатар депозитарийдің ғаламдық қолхаты да сатылады. Осылайша жалпы табыс 120 миллион долларға жуықтайды деп болжанған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
"Air Astana" ұйымдастырған баспасөз мәслихаты барысында компанияның ІРО-ға қатысуының алғышарттары мен негізгі мәліметтер көпшілік назарына ұсынылды.
Әуе компаниясының президенті Питер Фостердің сөзінше, "Air Astana" акциялары тек қазақстандық емес, шетелдік инвесторлар үшін де қолжетімді болады. Өйткені акциялар сатылымы KASE, Астана халықаралық биржасы мен Лондон биржасы арқылы жүзеге асады.
"Air Astana" Қазақстанда ғана емес, Орталық Азиядағы үздік компания деп сеніммен айта аламын. Сондықтан ІРО-ға қатысу біз үшін жаңа кезеңге аяқ басумен тең. Акцияларды үш тарап сатылымға шығарады. Олар: "Air Astana" компаниясының өзі, "Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қоры" АҚ мен BAE Systems Limited компаниясы. "Air Astana" ІРО аясында 120 миллион доллар тартуды көздеп отыр, ал қаржы компанияның әрі қарай дамуы үшін жұмсалады", – деді Питер Фостер.
"Самұрық-Қазына" АҚ активтерін жекешелендіру және қайта құрылымдау департаментінің директоры Дастан Адиходжаевтың айтуынша, IPO мен SPO барысында халықтың қаржы нарығына деген қызығушылығы артады.
"Самұрық-Қазына" қорының басты мақсаты "Air Astana" компаниясы IPO-ға шыққан жағдайда мемлекеттің экономикадағы үлесін азайту, компанияның ұжымдық басқару жүйесін жақсарту, сатылым арқылы компанияны дамытуға қажет қаражатты тарту және Ұлттық қор табысын арттыру болып отыр. Сонымен қатар отандық бағалы қағаздар нарығын дамыту, халықтың инвестициялық мәдениеті мен қаржылық сауатын арттыру – негізгі мақсатымыз", – дейді ол.
Дастан Адиходжаев өз сөзінде ІРО барысында қарапайым акциялармен қатар депозитарийдің ғаламдық қолхаты да сатылатынын қосып өтті.
"Бұған дейін өткізілген ІРО мен SPO барысында "Самұрық-Қазына" ғана акциялар сатса, бұл жолы бірден үш тарап ІРО арқылы акция сатайын деп отыр. Компания 120 миллион долларға дейінгі акцияларын нарықта орналастыра алады. Ал қаржы компания құрылымын жақсартуға жұмсалады", – дейді ол.
IPO барысында компанияның 25%-ға жуық акциясы сатылуы мүмкін. Жақын арада "Air Astana" бағалы қағаздары KASE-ге орналастырылса, ақпанда Лондон қаржы нарығы мен Астана халықаралық қаржы нарығына шығуы мүмкін.