"Аға, көмектесіңізші": Шымкент қаласының әкімінен тұрғын жылап тұрып баспана сұрады (видео)
12 наурызда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Қаратау ауданының тұрғындарымен кездесті. Жиын барысында тұрғындардың бірі шаһар басшысынан жылап тұрып үй сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Қала басшысы тұрғындармен кездесіп, мәселелерін тыңдады. Жиын барысында әкімнен 20 жылдан бері баспанасыз жүрген ер адам жылап тұрып баспана сұрады.
“Аға, маған көмектесіңіз! Қаңғып жүргеніме 20 жыл болды. Маған бір шатырымды сайлап беріңіз. Маған шаңырақ керек”, – деді тұрғын.
Тұрғынның өтінішін қала әкімі үнсіз тыңдады.
Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі Шымкент қаласы әкімдігінен мән-жайды сұрап білді.
Әкімдік мәліметінше, барлық азамат үйді заң бойынша тек кезекпен ала алады.
“Видеодағы азамат І және ІІ топ мүгедектігі бар тұлға ретінде 2017 жылдың 28 қарашасынан бастап мемлекеттік тұрғын үй алу кезегіне тіркелген. Қазір оның кезек нөмірі – 4834. Заңға сәйкес, мемлекеттік тұрғын үй кезек тәртібімен беріледі”, – делінген хабарламада.
Айта кетейік, бұған дейін Шымкент қаласының әкімі әжелерге стретчинг және йогамен айналысуға кеңес берген еді.