Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"Адамдар коронавирустан емес, дұрыс емес емнің кесірінен өліп жатыр": Қазақстандық дәрігер Тоқаевқа жанайқайын жеткізді

"Демалу аппараттарына қосылуға асықпаңыздар" деп өкпе зақымдану кезінде қалай демалу керегін үйретіп, кеңес беріп жүрген Айна есімді дәрігер Тоқаевқа емдеу хаттамасының дұрыс емес екенін айтып үндеу жариялады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.  

"Адамдар коронавирустан емес, дұрыс емес емнің кесірінен, өкпенің ісігінен өліп жатыр. Менде нақты дәлелдер бар. Мәселен, кеше бір адамды қарадым. Жансақтау бөліміне түскен күні өкпесінің 20  пайызы зақымданған. Екі күннен соң өкпесінің жартысына су толған. Мен өкпедегі суды ажырата аламын. Үшінші күні өкпенің тұтас зақымдануы болған. Бірақ бұл ковидті қабыну емес! Қазір жансақтау бөлімдерінде тамырдан ем жүргізіліп жатыр. Дәл осы ауру түріне бұл емнің қажеті жоқ. Оның үстіне, Қазақстанда дәл қазір, дәл осы ауру түріне арналған арнайы ерітінді жоқ. Тұз ерітінділері тіннің ісінуіне  алып келеді", - дейді дәрігер. 



Емдеу шаралары дұрыс жүргізілетін болса, ауыр жағдайдағы науқастардың өзін аман алып қалуға болады дейді дәрігер. Ол адамдардың дұрыс ем жүргізбеуінен көз жұмып жатқанын үлкен сенімділікпен айтуда.

"Біз онсыз да аз халықпыз. Бұлай кете берсе, шыбын құсап, қырылып қаламыз. 35-40 жастағы жап жас жігіттер қайтыс болып жатыр. Олар дұрыс емес емдеу протоколының кесірінен қайтыс болып жатыр. Қаншама үлкен көлемдегі антибиотик препараттар негізсіз тағайындалуда. Мен мұны - фармкомпаниялардың мүддесін тықпалау деп күдіктенемін. Олар адамдардың бауырын отырғызып, бүйрек жетіспеушілігі ауруын туындатуда", - дейді дәрігер. 

Сонымен қатар, дәрігер дәріханалардың да тек ақша үшін жұмыс жасап, адамдардың бүйрегі мен бауырына зақым келтіріп жатқанын айтады. Дәр-дәрмектің бағалары қаншалықты қымбат болғанымен, оның ешқандай пайдасы жоқ екенін кесіп айтты дәрігер. 

"Дәріхана желісінің жұмысы дәл қазіргі тірлігіне ашулымын. Дәріхана қожайындары – сіздер тонаушысыздар! Жекеменшік клиника дәрігерлері бағасы қымбат дәрілерді тағайындауда. Әріптестер, бұлай істеуге болмайды, доғарыңыздар! Сіздер мұның бәрінің бауырға қалай әсер ететінін білесіздер ғой. Бұл ұлттың денсаулығы. Сіздер мені естиді деп ойлаймын", - дейді Айна. 

Алайда, дәрігердің пікіріне қарсы шығып, бұл халықты адастыру, жаттығу жасап жүріп, жағдайыңыздың қаншалықты ауыр екенін байқамай қаласыз деген дәрігерлер де табылды. Солардың бірі балалар дәрігері Мария Тулентаева. 

"Денсаулық сақтау министрлігі! Реаниматолог әріптестер! Қазақстандық дәрігерлер! Шымкенттегі жеке клиниканың дәрігері Айнаның сөздерін естідім. Айлап еңбек етіп жатқан дәрігерлердің алдында кешірім сұрайтын адам осы кісі. Сіздердің жақындарыңызды дұрыс емдеп жатқан жоқ деген бір ауыз сөзбен бұл кісі әлемдегі стандарттардың барлығын жоққа шығарып отыр. Халықты түсінуге болады олар қазір өмірлері үшін қорқып отыр, кез келген ақпаратқа сенетін болып алған. Парақшасына кіріп, қарап көрдім, үй жағдайында гепарин мен дексаметазон ішіңіздер деп жатыр. Өте күлкілі. Мен де дәрігермін. Медицинаның ең басты қағидасы кесіріңді тигізбеу екенін ұмытпайықшы", - дейді Мария Туленаева.

Талқылау