"Адам өлсе де, 4,5 жыл берген, екі адам жазасыз қалған": Жамбыл облысында пышақ жарақатынан көз жұмған жігіттің қарындасы әділдік сұрайды
Жамбыл облысы Меркі ауданында 19 жастағы жігітті 19 жерінен пышақтап өлтіргендердің бірі 10 жыл, біреуі 4,5 жылға сотталған. Марқұмның қарындасы Лаура Әмір әділдік іздеп, кінәлілердің лайықты жазасын алуды талап етеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2022 жылы 31 желтоқсанда Алмас Әміров пышақ жарақатынан көз жұмған еді. Қарындасының айтуынша, алғашында бұл іске үш адам күдікті болды, алайда оның екеуі ғана сотталды.
“Тергеу 5 айға созылды, одан соң істі 5 ай қарады. 10 айдан кейін сот үкімі шықты, алайда бізге ол туралы айтуға, жариялауға тыйым салды. Бес ай ішінде құқық қорғау органдары маған тиісіп, қоқан-лоқы көрсетті. Менің үндемеуімді талап етті”, – деді қыз.
Қыз оларға құлақ асып, үкім шыққанша бұл туралы жақ ашпаған. Алайда ол шешіммен келіспейді.
Ол Stan.kz тілшісіне оқиғаның қалай болғанын айтып берді. Айтуынша, үш адам бірігіп өлтіргенімен, бұл қылмысқа төрт адамның қатысы бар. Тағы біреуі қылмыс болатынын білсе де, ешкімге хабарламаған көрінеді.
“Олар аса қатыгездікпен, қасақана ниетпен ағамды өлтірді. Алдын ала бәрін ойластырғаны көрініп тұр, айыпталушы ағама деген жеккөрушілігі болғанын, қылмыс жасағанын мойындады. Бұл – топппен жасалған қылмыс. Адам өлтіру кезінде үшеуі де болды, ал төртіншісі көлікте оларды күтіп отырған. Ол ағамның досын алдап, ол жаққа бармас үшін назарын аударған”, – дейді марқұмның қарындасы.
Алайда тергеу алғашында тек 99-баптың 1-тармағы бойынша қозғалып, тек бір адам қамауға алынған. Тек шу шыққаннан кейін топпен жасалған қылмыс деп өзгертілді дейді. Лаура бас прокуратураға да шағымданыпты.
Бір адам қылмыс жасалған кезде кәмелетке жаста болмағандықтан, сот жабық өткен.
“Үшінші адамды неге күдікті деп танымағанын түсінбедік. Өйткені оның сол жерде болғаны, “бита” апарғаны белгілі. Ол өз түсініктемесінде досының пышақ алып шыққанын мойындады, оны көре тұрып, үн қатпаған. Ал ағамның досы сары пышақ және бәкі көрген. Мұны сараптама да жоққа шығарған жоқ”, – деді ол.
Қыз айыпталушылар мен күдіктілердің бәрін таниды. Біреуі өзінің сыныптасы екен. Лаура олардың бұрыннан бәкімен жүретінін, мұны өзі де көргенін айтады. Сондай-ақ не себепті елдегі әділетсіздікпен 18 жастағы қыз күресуі тиіс екеніне наразы.
“Неге әділеттілік орнауы үшін қоғам талқысына салып, міндетті түрде сол туралы шу шығуы тиіс? Не себепті өзімді құрбан етуім керек? Маған да бірдеңе болуы мүмкін, мен де қорқамын”, – деді Лаура Әмір.
Жәбірленуші тарап аппеляциялық сотқа шағымданған. Олар тағы екі адамның жазасыз қалғанына қапалы. Сонымен қатар материалдық және моральдық шығынды талап етуді сұрағанда, олардың сомасы азайтылған.
Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
“Қылмыстық іс 2 тұлғаға қатысты түсіп, оларға қатысты сот үкімі шығарылған. Әр сотталушыға, соның ішінде біреуіне адам өлтіру мен бұзақылық бойынша, екіншісіне тек бұзақылық бойынша айып тағылған, сондықтан жаза мерзімдері осындай”, – деп мәлімдеді ведомоствосында.
Айта кетейік, бұған дейін Жамбыл облысында 17 жастағы жасөспірім 19 жастағы жігітті пышақтап өлтірді деген күдікке ілінгені айтылған еді. Марқұмның жақындары кісі өліміне қатысты 3 адам күдікті екенін хабарлаған. Олардың екеуіне сот үкімі шықты.