Алматы облысында он тоғыз жастағы бала 79 жастағы әжені соққыға жығып, зорламақ болған
Алматы облысы Талғар қаласында 19 жастағы ер адам 79 жастағы қарияның үйіне баса көктеп кіріп, оны ұрып-соғып, зорламақ болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі "НеМолчи" қоғамдық қорының жетекшісі Диан Таңсәрінің желідегі парақшасына сілтеме жасап хабарлайды.
"Әжем күтпеген жағдайға тап болды. Бұл оқиға бойынша кімге жүгінерімді білмеймін. Ешкім көмектесе алмай жатыр.
Түнде 19 жастағы қылмыскер әжемнің есігін бұзып кірген. Оны зорлап, тұншықтырғысы келген. Ол әжемнің бетінен, кеудесі мен ішінен ұрып-соққан. Ер адам денелі әрі бойы ұзын. Айқайлаған дауысты естіген көршілер көмекке келген кезде, күдікті қашып кеткен. Екі күннен кейін ол басқа жерде көлік ұрламақ болған жерінен ұсталды. Отбасымызда үш әйелміз, ер адам жоқ. Не істерімізді білмейміз. Бәрі жанымызда қаскөй тұратынын білгенін қалаймыз және әділдікке жеткіміз келеді.
Тергеуші бұл істі тек тұрғын үйге басып кіру бабы бойынша ғана қарап жатыр. Ал зорлау бойынша шағымға ешбір жауап болмаған", - деді қарияның қызы.
Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданының Полиция департаменті аталған оқиғаға қатысты пікір білдірді.
"2023 жылғы 23 маусымда Еңбекшіқазақ ауданының полиция басқармасына аталған факт бойынша хабарлама түсті. 2023 жылғы 22 маусымда сағат 23.00-де 1945 жылы туған Д. есімді азаматшаның үйіне белгісіз тұлға заңсыз кіріп, денсаулығына зиян келтірген. Аталған дерек 2023 жылғы 24 маусымдағы ҚР Қылмыстық кодексінің 149-бабының 2-бөлігімен ҚР ҚК-не тіркеліп, сотқа дейінгі тергеу басталды. Жедел іздестіру шаралары барысында полиция қызметкерлері 2005 жылы туған Т. есімді азаматты ұстады.
Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеп-тексеру шеңберінде осы оқиғаның барлық мән-жайларын объективті, толық және жан-жақты зерделеу үшін сараптамалар тағайындалып, барлық қажетті тергеу әрекеттері жүргізілуде. Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабының шеңберіндегі өзге де мәліметтер жария етуге жатпайды", - делінген хабарламада.