Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

7 млн қазақ сыртта жүр: Депутат демография және көші-қон жөніндегі агенттік құруды ұсынды

ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Қазыбек Иса шетелдегі қандастар мәселесін көтерді, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі. 

Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса өз сауалын ел Премьер-Министрі Асқар Маминге жолдады. 

"Биыл Тәуелсіздіне 30 жыл толатын Қазақстан үшін халық санының көбеюінің маңызы зор болып тұрғаны анық. Ал басты қауіптердің бірі де осы халық санының азаюынан туындайды. Сондықтан да "ҚР Ұлттық қауіпсіздігі туралы" Заңға сәйкес Ұлттық қауіпсіздіктің негізгі қауіптерінің бірі демографиялық ахуалдың нашарлауы болып табылады. Кейбір сарапшылардың айтуынша шет елдерде 7 млн-ға жуық қазақ тұрады. Бұл Қазақстан халқының 38% құрайды. Олардың 15-20 жылда ассимиляцияға ұшырау қаупі өте жоғары. Демографиялық аспектіде қазақ ұлты үшін бұл үлкен әлеует болып табылады. Қазір  Қазақстанға қоныс аударуға ынталы шетелдік қазақтардың саны 1,5 млн адамға жуықтайды екен. Осы адами ресурсты біз неге дұрыс пайдаланбаймыз? Кім кедергі?", - деді Мәжіліс отырысында депутат Қазыбек Иса. 

Сондай-ақ, ол елімізде көші-қон квотасының азайып кеткендігіне алаңдаушылық танытты. 

"Бұның бірден бір себебі кезінде көші-қонды жандандырған Көші-қон агенттігінің жойылып, миграциямен айналысу әр министрлікке, квотаға ұсыныс беру әр облыс әкімшілігіне  берілгенінен болып тұр. Әкімдер шетелдегі қандастарымызды шақыруға оларды орналастырудың қиындығынан қашып, ел ырысын  емес, жан тынышын ойлап отырғандықтан квота бөлу күрт төмендеп кеткен. Мысалы, жоғарыда атап кеткендей, Атырау мен Батыс Қазақстан облыстары 2017-2021 жылдары бес жыл қатарынан квота бөлуге бір де бір адам ұсынбаған? Сондықтан бүгінде әр министрлікке шашырап кеткен  басқармаларды бір органға жинап, Демография және көші-қон жөніндегі Агенттікті қайта құру керек. Екіншіден қандастарымыздың  Азаматтық алу мәселесі әлі қиындықтан шыға алмай келеді", - дейді ол. 

Халық қалаулысы адами капитал мемлекеттің басты құндылығы екенін айта келе, келесі шараларды қабылдауды қарастыру қажеттігін алға тартты: 
 
1. Демография және көші-қон жөніндегі агенттікті қайта құру;
2. Өңірлерде қандастарды бейімдеу-кіріктіру орталықтарын құру.
3.Қандастарымыздан азаматтық алу үшін талап ететін тұрақты тіркеуді  жеңілдету жұмысын  бейімдеу-кіріктіру орталықтарына жүктеу;
4.ХҚКО орталығы арқылы ҚР азаматтығын қабылдайтын арнайы бөлім ашылып, бір терезе қағидаты бойынша құжат тапсыруға мүмкіндік беру.

Талқылау