"660 миллион доллар шындыққа жанаспайтын цифр": Спорт министрлігі Олимпиадаға бөлінген қаражаттың сомасын айтты
Әлеуметтік желіде Қазақстан Ұлттық құрама спортшыларын Париж Олимпиадасына дайындауға және олардың Олимпиада ойындарына қатысуына бюджеттен 500 (Өзбекстанмен салыстырғанда 6 есе көп) миллион доллар қаражат бөлгені туралы ақпарат тарады. Алайда Туризм және спорт министрлігі Stan.kz тілшісіне бұл ақпараттың шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді.
Фото: Ашық дереккөзден
Желіде Олипиададан 8 алтын, 2 күміс, 3 қола медель алып, жүлде саны бойынша 13 орынға көтерілген Өзбекстан спортшыларға бюджеттен 160 миллион доллар бөлді. Ал Қазақстан 660 миллион теңге бөле тұра, 41 орынға тұрақтағыны туралы ақпарат тарады.
Министрліктің мәліметінше, Өзбекстанның Олимпиадаға жұмсаған қаржысы деп көрсетілген 160 миллион доллар олардың республикалық бюджеттен спортқа бөлген сомасы.
“Қазақстан республикалық бюджеттен спортқа 2023 жылы 61,3 миллиард теңге қаржы бөлді. Бұл шамамен 128 миллион АҚШ долларына тең. Аталған сома республиканың барлық спорттық қажеттілігін, оның ішінде, Олимпиада, олимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрілерінен әлем, Азия чемпионаттары сияқты халықаралық жарыстарға дайындыққа және ұлттық спортқа бөлінген. Сондықтан "660 миллион доллар" деп көрсетілген цифр шындыққа жанаспайтынын және бұл қоғамды шатастыратынын ескертеміз”, – деп мәлімдеді ведомство.
Ал Олимпиадаға яғни, Ұлттық құрама команданы даярлауға, спортшылардың Олимпиада ойындарына қатысуына 980 миллион теңге жұмсалды.
Министрлік Қазақстан да өзге елдер сияқты спортқа бөлінген қаражатты тиімді жұмсауға тырысатынын және спорт саласын қаржыландыруға аса жауапкершілікпен қарайтынын атап өтті.
Сондай-ақ ведомство министрлік тарапынан кәсіби спортты дамытуға қаржы бөлінбегенін мәлімдеді.