"60 миллион шығын": Банк қызметкері клиенттердің атынан несие рәсімдеп, ақшаны достарына жіберген
Еліміздің бас прокуратурасы аса ірі алаяқтық жасады деген тағы бір күдіктіні Ресейден экстрадициялады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото: Видеодан скрин
Ведомствоның мәліметінше, күдікті 2019-2022 жылдар аралығында Тараз қаласындағы банк филиалының қызметкері болып жұмыс істеген. Сөйтіп банк клиенттерінің атынан несие рәсімдеген.
“Банк клиенттерінің шоттарына қол жеткізген күдікті қаражатты достарының есепшотына аударып, кейін оны қолма-қол ақшаға айналдырған. Қылмыстық әрекеттер нәтижесінде банк клиенттеріне 60 миллион теңге көлемінде залал келтіргені белгілі болды. Қылмыс жасағаннан кейін күдікті жасырынып, оған халықаралық іздеу жарияланды”, – делінген хабарламада.
Күдікті биыл сәуір айында Краснодар өлкесінің аумағында ұсталды. Сөйтіп еліміздің Бас прокуратурасының сұрауымен Қазақстанға экстрадицияланды. Қазір күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Қылмыс үшін оның мүлкі тәркіленді. Күдікті бес жылдан он жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Айта кетейік, осы жылы қылмыстық әрекеттері 350-ден астам жәбірленушіге жалпы сомасы 7 миллиард теңгеге жуық шығын келтірген алаяқтық жасағаны үшін іздеуде жүрген 11 адам Ресейден Қазақстанға экстрадицияланды.