Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"5500-ден аса адам жиналды": Қазақтың ұлттық киімі Гиннес рекордтар кітабына енді

Қазақстандықтар жаңа Гиннес рекордын орнатып, Каспий теңізінің жағалауында ұлттық киімде бас қосты. Ақтауда арнайы алаңда бес мыңнан астам адам жиналып, "Қазақтың ұлттық киіміндегі ең көп адам" номинациясы бойынша қатысты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Маңғыстау облысының әкімдігі

Ақтауда күн бұлтты әрі жаңбырлы болса да, бұл мыңдаған қазақстандық алаңға жиналды. Гиннес рекордын ресми түрде тіркеу үшін Лондоннан арнайы комиссия өкілдері келді.

Қатысушылар алаңға таңғы 09:00-ден бастап жинала бастады. Сағат 11-де ұйымдастырушылар төрт мың адамды тіркесе, 12:01-де қатысушылар саны бес мыңнан асты. Сол кезде Ақтаудың алаңы адамға лық толы болды.

Бұдан кейін комиссия өкілдері рекордтың ресми түрде тіркелгенін растап, арнайы сертификат табыстады.

Маңғыстау облысы әкімдігінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Best Fest Nauryz шарасына 5500-ден астам адам тіркелген. Олардың қатарында түрлі сала қызметкерлері, этностық топтардың өкілдері, аға буын өкілдері және бұл оқиғаға арнайы алыс ауылдар мен басқа аймақтардан келген тұрғындар болды.

"Бірнеше сағатқа созылған есептеу нәтижесінде барлық талаптың толық орындалғаны расталды және Қазақстан жаңа әлемдік рекорд иегері атанды. Осылайша, қазақтың ұлттық киімі Гиннес рекордтар кітабына енді", – деп хабарлады әкімдік.

Маңғыстау облысының әкімі Нұрдәулет Қилыбай рекорд қатысушыларына және Лондоннан арнайы келген Гиннес рекордтар кітабы өкілдеріне алғыс білдірді.

Арнайы сертификатты табыстаған Гиннес рекордтар кітабының ресми өкілі Ричард Стэннинг қазақстандықтарды жоғары жетістікпен құттықтады.

"Қазақстандықтар бүгін Наурыз мерекесі күні рекорд орнаттыңыздар – бұл сіздердің басты мейрамдарыңыз. Қазақ елінің дәстүрге бай, рухы биік әрі талғамы жоғары халық екенін өз көзіммен көрдім. Іс-шара өте жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Сіздерді осы тарихи оқиғамен шын жүректен құттықтаймын!" – деді Ричард Стэннинг.



Еске салайық, бұған дейін қазақстандық шеберлер небәрі бір сағат ішінде 500 дәстүрлі тақия тігіп, Қазақстанның рекордтар кітабына енді. Әр өңірден келген 100 қолөнер шебері қатысқан бұл перформанста ең жас ісмер небәрі 9 жаста болды.

Талқылау