Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"40% су ысырап болуда": Смайылов суды ұқыпты пайдалануға шақырды

Премьер-министр Әлихан Смайылов су шаруашылығында қордаланған мәселе көп екенін және көп жыл бойы күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келгенін айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: primeminister.kz

Үкімет басшысы су ресурстарының тапшылығы жағдайында біраз жұмыс атқару керек екенін айтты. 

“Ұсынылып отырған тұжырымдама осы бағыттағы негізгі бағдарламалық құжат болады. Оны іске асыру су ресурстарын мониторингілеу мен болжаудың нақты жүйесін жолға қоюға ықпал етеді. Бұл жүйе су қауіпсіздігін қамтамасыз ету тұрғысынан өте қажет. Тұжырымдаманың маңызды бағыты – су шаруашылығына қажет инфрақұрылымды салу және реконструкциялау. Көп жыл бойы оларды күтіп ұстауға тиісті көңіл бөлінбей келді”, – деді үкімет басшысы.

Смайылов Орталық Қазақстан мен Астананың басты су арнасы Қаныш Сәтбаев атындағы каналда сорғы станциялары жұмысының тиімділігі небәрі 30% екенін айтты. Ал Үлкен Алматы каналы пайдалануға берілген кезден бастап 40 жыл бойы жөнделмеген. 

“Түркістан, Қызылорда, Жамбыл облыстарында магистральдық және шаруашылық аралық арналардың көбі тозған. Салдарынан 40% су ысырап болып отыр. Тұжырымдаманың тағы бір маңызды бағыты – су үнемдеуді ынталандыру. Су тапшылығында және суды тұтынудың артуы кезінде, ең әуелі, су шығынын азайту мен оны ұқыпты пайдалану өте маңызды”, – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов елімізде су кадастрының бірыңғай дерекқорына айналатын цифрлық платформа құрылатынын айтқан еді.

Талқылау