Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

400-ге жуық қазақстандық оқушының ҰБТ нәтижелері жойылды

Ұлттық тестілеу орталығы негізгі ҰБТ-ның аралық қорытындыларын ұсынды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Фото: Ұлттық тестілеу орталығының баспасөз қызметі

Орталықтың мәліметіне сүйенсек, негізгі ҰБТ-2024 басталғалы бері 211 мың рет тест тапсырылды.

Талапкерлердің 76%-ы шекті балл жинап, орташа балл – 68 балл болды.

Соның ішінде:

  • ең жоғары балл – 138 балл;
  • ерекше білім беру қажеттілігі бар 577 талапкер қатысты.

Ереже бұзғаны үшін 396 адамның нәтижелері жойылды. 267 талапкер смартфон, шпаргалка және басқа да тыйым салынған заттарды алып өту әрекеті салдарынан тест тапсыру мүмкіндігінен айырылды.

Тестілеу кезінде ережелерді бұзғаны үшін аудиториядан 120 адам шығарылып, бейнежазбаларды тексеруден соң ереже бұзған 9 адамның нәтижесі жойылды. Бөгде тұлғалар анықталған жоқ.



Тестке қатысушылардың басым бөлігі, атап айтқанда, 18%-ы "Математика-Физика", 16%-ы "Биология-Химия" пәндер комбинациясын тапсырды. 15%-ы "Шығармашылық емтихан" комбинациясын таңдаған.

Еске салайық, 19 маусымда Алматыда ҰБТ тапсыру кезінде техникалық ақаулар пайда болғанын жазған едік. Салдарынан алматылық мектеп түлектері Ұлттық бірыңғай тестілеуден өте алмады. Тапсыра алмаған түлектерге ҰБТ күндері кейінге шегерілді.

Талқылау