"30 секундтық видео үшін өмірін қатерге тігеді": Астанадағы су бөгеті тұрғындар үшін қауіпті орынға айналған
Астанада Есіл өзініндегі су реттейтін бөгет қала тұрғындары үшін қауіпті орынға айналған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Фото видеодан алынған
Астанадағы Нұра ауданының әкімі Жүсіп Жұмағұлов әлеуметтік желідегі парақшасында осы жағдайға назар аударып жазба жариялады.
"30 секундтық бір видео үшін өмірлерін қатерге тігіп жүр. Бұл туристік орын емес, жабық нысан. Бір-екі әдемі сурет үшін өміріңізді қатерге тігудің қажеті жоқ", – делінген әкім жазбасында.
Есіл өзеніндегі жаңа салынған су реттейтін бөгет соңғы уақытта көптеген астаналықтар арасында фотосессия жасайтын орынға айналған. Әлеуметтік желілерде жарияланған видеолардан темір қоршауды бұзып өтіп жатқан тұрғындарды көруге болады.
Астанада төртінші қабаттан құлағалы тұрған баланы құтқарған жеткіншекке 1 миллион теңге берілді
Астана қаласының әкімдігі де жағдайға қатысты мәлімдеме жасады.
“Қала тұрғындарының қауіпсіздігі үшін техникалық өткел жабық тұр. Нысанның құрылысы келесі жылы аяқталады деп жоспарланып отыр. Жоғарыда айтылғандардың бәрін ескере отырып, елордалықтарды қауіпсіздік шараларын елеусіз қалдырмауға және қорғаныс қоршауынан өтпеуге шақырамыз, себебі бұл қауіпті болуы мүмкін”, – делінген әкімдік хабарламасында.