"25 жастағы жігіт пен 34 жастағы әйелдің бақытты өмірі басталды": Абай Асылхан алғаш рет отбасы туралы айтты
Танымал актер, дубляж саласының маманы Абай Асылхан алғаш рет жеке парақшасында отбасы туралы айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
2021 жылы өнер иесі танымал актриса Жәнел Мақажанмен мұсылмандық неке қиды.
"2019 жылы Жәнел екеуіміз Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясында концерт жүргіздік. Біздің таныстығымыз сол кезде басталған. Оған дейін Жәнелді танымағанмын. Оның түскен киноларын көрмегенмін. Концерттен кейін бір-біріміздің парақшамызға жазылып, телефон нөмер алмастық. Мен оған қыз бен жігіт болып кездесуді ұсындым. Ал Жәнел "Інім, рас айтып тұрсың ба?" деді. Мен інісі болмайтынын айттым. Шынымды айтсам, оған кездесуге ұсыныс айтқан едім. Бірақ оның балалары барын білген жоқпын. 25 жастағы жігіттің 13 және 11 жастағы екі баласы болатынын ойламадым. Мен үшін ойлаудың өзі қорқынышты болды. Себебі, оларды қалай асыраймын? деген жауапкершілік бірінші орында тұрды. Екіншіден, оларға әке бола аламын ба деген қорқыныштың болғанын да жасырмаймын. Үлкен жауапты істі көтере алуға дайынмын ба деп өзімнен сұрадым”, – деп бастады әңгімесін актер.
Мойнына үлкен жауапкершілікті алып, сүйіктісіне отбасын құруға ұсыныс білдіреді. Сонымен қатар, ол жас айырмашылығының да сөз болатынына дайын болған.
"Ата-анам мен туыстарым, халық не айтады деп ойладым. Бірақ мен өзімді немесе жұрттың сөзін таңдауым керек болды. Әлбетте, мен өз бақытымды таңдадым және күрестім. Сөйтіп, Жәнелге үйленуге ұсыныс білдірдім. Біз некемізді қидырдық. Отбасын құрдық. Осылайша, 25 жастағы жігіт пен 34 жастағы әйелдің отбасылық өмірі басталды. Қазір әр күніме шүкір айтамын", - дейді Абай Асылхан.
Еске салайық, өнерлі жұп жақында ата-ана атанып, қызды болғанын жазған болатынбыз.