2024 жылы елімізде АЕК мөлшері қанша болады
Елімізде 2023-2025 жылға арналған республикалық бюджет бекітілді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Қазақстанда енді келесі жылдан бастап айлық есептік көрсеткіш мөлшері өзгереді. 2023 жылы АЕК мөлшері 3 450 теңге болса, келер жылы одан 242 теңгеге көп.
- Айлық есептік көрсеткіш (АЕК) – 3 692 теңге;
- Ең төменгі күнкөріс (ЕТК) – 43 407 теңге, бұған дейін 40 567 теңге болды;
- Ең төменгі жалақы (ЕТЖ) – 85 000 теңге, бұған дейін 70 000 теңге болды;
АЕК-тің өзгеруіне байланысты айыппұлдар сомасы да артады.
Қазақстандықтар жиі бұзатын жолда жүру ережесі – жылдамдықты 10-нан 20 км/сағ-қа дейін арттыру. Енді көлікті жылдам жүргізгендерге салынатын айыппұл 18 460 теңге болады (5 АЕК).
Қауіпсіздік белбеуін тақпаған, шлемсіз жүргізген, аялдама мен тұрақ ережелерін бұзғандарға да 18 460 теңге айыппұл салынады.
Бағдаршамның қызыл сигналына өтіп кеткен жүргізуші үшін айыппұл мөлшері – 36 920 теңге (10 АЕК). Жаяу жүргіншіге жол бермеген, жылдамдықты 20-дан 40 км/сағ-қа дейін асыру және мүгедектер үшін тұрақ орнын алу сынды заңбұзушылыққа да 36 920 теңге айыппұл төлейді.
Көлік жүргізу құқығынан айырылған адам көлік жүргізіп, тағы ұсталса, мемлекетке 184 600 теңге (50 АЕК) қарыз болады.
Ал “Ұсақ бұзақылық” жасап, көшеде түкірген, боқтық сөздер айтып, қоғамдық тәртіпті бұзғандар 73 840 теңге (20 АЕК) төлеуге міндеттеледі.