Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды": Тоқаев Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ҚХР төрағасы Си Цзиньпинмен келіссөз жүргізді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Қытай басшысы Тоқаевты Бейжіңдегі халық жиналысы үйінде қарсы алды. Мемлекеттер басшылары өз делегацияларымен бірге Үлкен шығыс залында келіссөз жүргізді.

Қасым-Жомарт Тоқаев Си Цзиньпиннің "Бір белдеу, бір жол" халықаралық ынтымақтастығының III форумына шақыртуына рақмет айтты.

“Қазақстан осы жаһандық бастамаңызға алғашқы күннен бастап қолдау білдірді. Осыдан тура 10 жыл бұрын Астанада сөйлеген сөзіңізде осы туралы айтқаныңыз есімізде. Сізді Қытай Халық Республикасының құрылғанына 74 жыл толуымен және Ханчжоуда өткен XIX жазғы Азия ойындарындағы Қытай командасының зор жетістігімен құттықтаймын. Қытайдың қарқынды дамуын ерекше ықыласпен бақылап отырмыз”, – деді президент.

Мемлекет басшысы жан-жақты әрі мәңгілік стратегиялық серіктестікке негізделген қазақ-қытай қатынастары қарқынды дамып келе жатқанына назар аударды.

“Сіздің былтыр қыркүйек айында Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапарыңыз өзара байланыстардың барынша нығаюына тың серпін берді. Сапар аясында еліміздің арасындағы ынтымақтастықтың жаңа "алтын 30 жылдығы" басталды. Екі ел арасында сауда-саттық дамып келеді. Инвестицияның жалпы көлемі 21 миллиард доллар болатын 52 бірлескен жоба жүзеге асырылып жатыр. 2024 жыл Қытайда Қазақстан туризмі жылы болып жарияланды”, – деді ел басшысы.

Тоқаев Қытай басшысын келесі жылы Қазақстанға мемлекеттік сапармен келуге шақырды.

Талқылау