Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

1994 жылы Қазақстан үстінде белгісіз нысан байқалған: Пентагонның құпия архивтеріндегі дерек қаншалықты рас

Қазақстан үстінен НЛО көрінген
Фото: pixabay.com

Пентагонның құпия архивтерінен 1994 жылғы дипломатиялық жеделхат табылды. Онда америкалық ұшқыштар Қазақстан аспанында белгісіз нысанды байқағанын мәлімдеген. Қорғаныс министрлігі мен қазақстандық астрофизиктер осыған байланысты пікір білдірді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Tengri Life порталына сілтеме жасап хабарлайды. 

Құжатта Boeing 747 ұшағының экипажы Қазақстан аспанында белгісіз нысанды көргені айтылған. Онда 1994 жылғы 27 қаңтарда Тәжікстаннан ұшқан пилот пен үш америкалық Қазақстан аумағы үстінен үлкен жылдамдықпен қозғалған, бағытын күрт өзгерткен және 90 градусқа бұрылған жарқыраған нысанды байқаған.

Фесенков атындағы астрофизика институтының ғалымдары олардың телескоптары әлдеқайда алыстағы нысандарды бақылайтынын алға тартты. Алайда бұл ақпаратты жоққа шығарды. 

"Астрофизика институтының телескоптарының көру аймағына мұндай нысандар түскен жоқ. Біз әлдеқайда алыстағы объектілерді бақылаймыз. Ғарыштық телескоптардан да бізге мұндай бақылаулар туралы ақпарат түскен емес", – деді институт қызметкері Светлана Мошкина.

Мамандардың айтуынша, институттың жабдықтары 100 шақырымнан жоғары биіктіктегі ғарыш нысандарын зерттеуге арналған. Ал одан төмен орналасқан дүниелер олардың бақылау аймағына кірмейді.

Сонымен қатар астрофизик ұшқыштар сипаттаған құбылыс теориялық тұрғыда сирек кездесетін атмосфералық феноменмен, мысалы, шар тәрізді найзағаймен байланысты болуы мүмкін екенін айтты.

Қазақстан Қорғаныс министрлігі ел әуе кеңістігінде НЛО байқалды деген ақпаратты растамайтынын мәлімдеді. Министрлік жауабында мұндай деректі дәлелдейтін ешқандай айғақ немесе ресми қорытынды жоқ екені айтылған. Яғни, Қазақстан аумағында жерден тыс нысандардың тіркелгені туралы нақты ақпарат тіркелмеген.

"Қазақстан Республикасы Қарулы күштерінің әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері көрсетілген кезеңде белгісіз ұшатын нысандарды анықтау немесе бақылауға алу фактілерін тіркемеген", — деп мәлімдеді ведомство.

Бұдан бөлек, министрлік Қазақстан жарияланған архивтік материалдарды дайындауға қатыспағанын атап өтті.

"Қорғаныс министрлігінде мұндай хабарламалардың шынайылығын растайтын деректер жоқ. Ведомство бұл материалдарды дайындауға қатысқан жоқ және ондағы болжамдар мен түсіндірмелерді растамайды", — деп түсіндірді министрлік.

Министрлік мұндай жарияланымдарды белгісіз ұшатын нысанның бар екеніне дәлел ретінде қабылдауға болмайды деп санайды.

"Қарастырылып отырған мәліметтер тек шетелдік архивтік дереккөздердегі жекелеген адамдардың субъективті көрсетулері ғана. Олар нақты фактілермен расталмаған", – деп атап өтті ведомство.

Сондай-ақ министрлік архивтерінде Қазақстан әуе кеңістігінде осындай аномальды құбылыстардың тіркелген басқа да расталған жағдайлары жоқ екенін хабарлады.

"Қорғаныс министрлігінің архивтерінде ел әуе кеңістігіндегі осындай аномальды құбылыстарды тіркеуге қатысты құжатталған куәліктер, есептер немесе басқа материалдар тіркелмеген", — деп қорытындылады министрлік.

Stan.kz
Бейсенбі, 21 Мамыр, 2026 11:08