16 млн қазақстандықтың дерегі тараған іс: Министрлік тергеудің қалай аяқталғанын білмейді
16 миллион қазақстандықтың жеке дерегі тарағаннан бері бір жылдан астам уақыт өтті. Алайда Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі бұл іс бойынша тергеудің немен аяқталғанын білмейтінін мәлімдеді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Министрліктің бірінші вице-министрі Ростислав Коняшкиннің айтуынша, деректердің таралуына байланысты тергеуді Ұлттық қауіпсіздік комитеті жүргізген.
"Бұл қылмыстық істің қалай аяқталғаны жөнінде бізде ақпарат жоқ. Біз өз тарапымыздан мұндай жағдайлардың алдын алуға бағытталған реттеу шараларын қабылдап жатырмыз", – деді ол.
16 миллион қазақстандықтың дерегі тарап кеткені 2025 жылдың маусымында белгілі болған. Ал 2026 жылдың сәуірінде ҰҚК сотқа дейінгі тергеудің әлі жалғасып жатқанын хабарлап, істің егжей-тегжейін жарияламаған еді.

Ал бұған дейін Құрылтай отырысында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов дербес деректерді заңсыз тарату фактілері бойынша үш адамға қатысты тергеу жүріп жатқанын айтқан. Осыған байланысты журналист ЖИ министрлігінің өкілінен сол үш адамның 16 миллион қазақстандықтың дерегі тараған іске қатысы бар-жоғын сұрады. Алайда министрлік өкілі мұны нақтыламады. Оның сөзінше, 16 миллион адамның дерегіне қатысты істі ҰҚК тергеген, ал тергеудің немен аяқталғаны туралы министрлікте ақпарат жоқ.