Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Кепілге қол қоямын деп ойлаған қазақстандық зейнеткер баспанасынан айырылып қалған

Зейнеткер кілт үй
Фото: magnific.com

Қызылордада 70 жастағы кейуана өз үйінен айырылып қала жаздады. Әйел нотариуста кепілге қатысты құжаттарға қол қойып жатырмын деп ойлаған. Алайда іс жүзінде тұрғын үйін 19 миллион теңгеге сату туралы мәмілені рәсімдеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

2022 жылы зейнеткердің үйі сатып алу-сату шарты бойынша басқа адамның атына рәсімделген. Әйел үйін сату ойында болмағанын айтқан. Оның сөзінше, ұлы қарызға ақша алған, ал үй сол қарызды қамтамасыз ету үшін кепілге қойылған.

Жасы ұлғайған және есту, көру қабілеті нашар болғандықтан, зейнеткер нотариуста кепілге қатысты құжаттарға қол қойып жатырмын деп ойлаған. Алайда іс жүзінде үйді сату туралы құжаттарға қол қойған.

“Әйел 3,5 жыл бойы өз үйінде тұрып, коммуналдық қызметтердің ақысын төлеп келген. Тұрғын үйдің заң жүзінде басқа адамның атына рәсімделгенін білмеген”, – делінген Жоғарғы сот хабарламасында.

Сатып алушы сотқа жүгінді

Арада 3,5 жыл өткен соң "сатып алушы" зейнеткерді және оның отбасын үйден шығару туралы талаппен сотқа жүгінген. Бұған жауап ретінде әйел қарсы талап арыз беріп, сатып алу-сату шартын жарамсыз деп тануды сұраған.

Сот мәміленің іс жүзінде қарызды қамтамасыз ету үшін жасалғанын анықтады. Бұған бірнеше жағдай дәлел болған.

"Сатып алушы" 3,5 жылдан астам уақыт бойы үйге ешқандай талап қоймаған, оны пайдаланбаған және тіпті үйге келмеген. Осы уақыт ішінде зейнеткер отбасымен бірге үйде тұрып, оны өз қаражатына күтіп ұстаған.

Сот сондай-ақ 19 миллион теңгені әйелдің ұлына "сатып алушының" әкесі қарыз ретінде бергенін анықтады. Дәл осы қарызды қайтару үшін даулы келісім жасалған.

2023-2024 жылдары "сатып алушыға" 4 миллион теңге қайтарылған.

Сот шешімі

Қызылорда қалалық соты зейнеткердің үйін сатуға ниеті болмаған деген қорытындыға келді. Сатып алу-сату шарты үйді шын мәнінде сату үшін емес, қарызды қайтаруды қамтамасыз ету мақсатында жасалған.

Сот мәмілені жарамсыз деп танып, зейнеткердің тұрғын үйге қатысты құқықтарын қалпына келтірді.

Сонымен қатар сот Әділет департаментінің басшысына жеке ұйғарым шығарды. Ведомствоға жеке нотариустың әрекетіне құқықтық баға беріп, мәмілені рәсімдеу кезінде жол берілген бұзушылықтарды жою тапсырылды.

Апелляциялық және кассациялық сатылар сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 06 Қазан, 2026 09:55