Алматыда екі жаңа бигвилль салынады: Пәтерлердің алғашқы бағалары белгілі болды

BI Group Алматының оңтүстік-батысында Abay Joly және Arman Qala атты екі жаңа бигвилль салады. Мұнда болашақта 35 мыңнан астам адам тұрады. Компания жобаларын Almaty Theatre-да өткен арнайы кеште таныстырды. Stan.kz тілшісі іс-шараға қатысып, жаңа жобалардың ерекшеліктері мен алғашқы бағаларын білді.
Презентацияға шамамен 2 мың адам қатысты. Кеш қонақтарына әуелі театрланған қойылым көрсетілді. Одан кейін бас хэдлайнер – Dudeontheguitar өнер көрсетті. Ал кештің негізгі бөлігі жаңа тұрғын үй жобаларының таныстырылымына арналды.
BI Development South бас директоры Расул Мұстафиннің айтуынша, Abay Joly мен Arman Qala жобаларын жасағанда компания "15 минуттық қала" қағидасын негізге алған. Бұған дейінгі Arena City және Dream City жобалары бұл тәсілдің тиімді екенін көрсеткен.

"Алматының оңтүстік-батысы қаланың табиғи жалғасына айналып, бұрынғы қала маңындағы аумақтар жаңа аудандарға айналып келеді. Arena City жобасын бастағанда, бұл жер қаладан алысырақ болғандықтан, мұнда негізінен қала маңындағы тұрғындар қоныстанады деген күмән болды. Бірақ уақыт өте Алматының орталық аудандарынан да адамдар көшіп келе бастады. Өйткені күнделікті өмірге қажеттің бәрі үйге жақын болды. Abay Joly және Arman Qala жобаларында да осы қағиданы ұстанып отырмыз", – дейді Расул Мұстафин.
Жаңа жобалар Алматының оңтүстік-батысында қалыптасып келе жатқан жаңа полицентрдің бір бөлігі болмақ. Компания мәліметінше, бұл аумақ қаланың дамитын бағыттарының бірі саналады.
BI Group-тың Оңтүстік-батыс басқармасының директоры Айдын Жакежановтың айтуынша да, жаңа жобалардың мақсаты тек тұрғын үй салу емес, күнделікті өмірге қолайлы орта құру. Сондықтан мұнда мектеп, балабақша, емхана, саябақ және басқа да қажетті нысандар тұрғын үйлерге жақын орналасады деп жоспарланған. Тұрғындар қаланың басқа бөлігіне қатынамай-ақ, күнделікті шаруасын өз ауданында атқара алады.
"Қалада жаңа орталық пайда болады. Оңтүстік-батыс аймақта Abay Joly және Arman Qala деген жаңа бигвилльдердің құрылысы басталады. Бұл – жаңа инфрақұрылым мен технология, жаңа жұмыс орындары және экономикаға қосатын үлесіміз", – дейді Айдын Жакежанов.

Компания жобаларын кезең-кезеңімен дамытпақ.
Abay Joly
Тұрғындарға керек негізгі нысандардың бәрі жобаның ішінде болады. Мұнда 5 мектепте 5 300 оқушыға арналған орын, 6 балабақшада 1 600 орын, 2 емхана, мешіт және жағалауы бар жасыл саябақ салынады деп жоспарланған. Сонымен қатар жаңа бизнес-орталықтар, 400 метрге созылған жасыл аллея, кафе мен демалыс орындары, фитнес залы, коворкинг және Family Hub болады.

Алғашқы болып Senim кластерінің құрылысы басталмақ. Мұндағы үйлер 14-17 қабатты болады. Пәтерлердің ауданы 36-118 шаршы метр аралығында, 1-4 бөлмелі форматта ұсынылады. Төбенің биіктігі 2,7-3 метр болады. Пәтерлердің бір бөлігі жөнделген, дайын күйінде ұсынылады.

Senim кластерін 2028 жылдың төртінші тоқсанында пайдалануға беру жоспарланған. Ал Abay Joly бигвилльін толықтай 2034 жылы аяқтау көзделіп отыр.
Arman Qala
Arman Qala 63 гектар аумақта салынады. Мұнда шамамен 13,5 мың адам тұрады. Бигвилльдің ортасында үлкен саябақ болады. Бұл жердегі үйлердің биіктігі – 9-17 қабат. Аулалары жабық болады әрі қауіпсіздік үшін тәулік бойы бейнебақылау орнатылады. Сонымен қатар тұрғындарға Алматы тауларына қарайтын көрініс ұсынылмақ.

Жоба Jurek, Sana және Sezim деген үш кластерге бөлінген. Алғашқы болып Jurek кластері салынады. Жоспар бойынша оны 2028 жылы пайдалануға бермек.

Бигвилльде 4 800 балаға арналған төрт мектеп пен 720 бала тәрбиеленетін үш балабақша салынады деп жоспарланған. Сонымен қатар сауда орталығы, қонақүй, кафелер мен қоғамдық кеңістіктері бар жасыл бульвар бой көтереді.

Бигвилльдің маңында қазір Aport Mall West сауда орталығы істейді. Ал жобаның ішінде жаңа сауда және қоғамдық нысандар салынады деп жоспарланып отыр. Arman Qala құрылысын 2034 жылы толық аяқтамақ.
Қатынау мүмкіндігі де артады
Жаңа аудандардың дамуына тұрғын үй мен әлеуметтік нысандар ғана емес, көлік инфрақұрылымы да әсер етеді. Бұл бағытта метро желісін "Барлық" базарына дейін ұзарту жоспарланған. Жаңа учаскеде үш станция болады.
Сонымен қатар Абай даңғылын БАКАД-қа дейін ұзарту жұмыстары жүріп жатыр. Ал болашақта батыс бөлікті қаланың басқа аудандарымен байланыстыратын LRT желісі салынбақ.
Алғашқы бағалар
Іс-шараға қатысқандарға бигвилльден пәтерлерді арнайы шарттар бойынша сатып алуға мүмкіндік берілді. Мәселен, 100% төлем жасағанда Abay Joly-ындағы пәтердің бір шаршы метрінің құны 395 мың теңгеден, ал Arman Qala-да 370 мың теңгеден басталады.
Сонымен қатар сатып алушылардың бастапқы жарнасы 10%-дан басталатын "Легкотека" бағдарламасымен бөліп төлеу мүмкіндігі бар.
"Әр нәрсенің басында баға өте тиімді болады. Сол себепті бүгін осы кешке келген қонақтарға өте тиімді шарттар ұсынылып отыр", – дейді Айдын Жакежанов.
BI Group Алматыда бигвилль форматындағы жобаларды 2022 жылдан бері дамытып келеді. Компания бұған дейін қаланың батысында Arena City және Jibek Joly, шығысында Dream City жобаларын іске асырған.
Abay Joly мен Arman Qala – компанияның Алматыдағы төртінші және бесінші бигвилльдері. Жаңа жобалар тұрғын үймен қатар мектеп, балабақша, емхана, саябақ, сауда және қоғамдық кеңістіктері бар толыққанды қалалық орта құруға бағытталған.
"Өзімізді дәлелдедік": Олимпиадада жүлделі орын алған таэквондошылар Қазақстанға оралды