Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Францияда ұрылар мұражайдан 210 келі болатын кітапты ұрлап кеткен

кітап
Фото: s.yimg.com

Францияның Иссуар қаласындағы заманауи өнер орталығынан Сальвадор Дали жасаған “Әулие Иоаннның ақырзаманы” атты кітаптың қола мұқабасы ұрланды. Оның салмағы шамамен 150 келі. Кітаптың жалпы салмағы пергамент парақтарымен бірге 210 келіге жетеді. Кітаптың ұрланғанын Клермон-Ферран прокуратурасы растады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Yahoo басылымына сілтеме жасап хабарлайды. 

Өнер туындысы 4 қазаннан 5 қазанға қараған түні ұрланған. Қола мұқабасы алтынмен, асыл тастармен және теңіз қабыршақтарымен безендірілген.

 

Бір ғана данасы бар кітап

“Әулие Иоаннның ақырзаманы” кітабы 1958-1961 жылдары француз баспагері Жозеф Фореның бастамасымен жасалған. Оның жалғыз ғана данасы бар. Кітапты жасауға жеті суретші мен жеті жазушы қатысқан. Олардың арасында Сальвадор Дали, Леонар Фужита, Бернар Бюффе, Жан Кокто және Эмиль Чоран бар.

кітап
Фото: leparisien.fr

Кітаптың мәтіні 150 пергамент парағына қолмен жазылған. Бұған дейін бұл туынды әлемдегі ең ауыр әрі ең қымбат кітап саналған.

Халықаралық көрмелерден кейін кітап Швейцарияда сақталған. Кейін оны Жапониядағы иелері сатып алған. Одан соң туындыны коллекционер әрі реставратор Кристиан Каруцос алған. Ол кітаптың қола мұқабасы мен пергамент парақтарының бір бөлігін Иссуардағы өнер орталығында көпшілік назарына ұсынған.

Прокуратура ұрланған туындыны “айрықша әрі бірегей” деп бағалады. Кітаптың жоғалуына байланысты тергеуді жандармерия жүргізіп жатыр. Қазірше ұрлықтың қалай жасалғаны туралы мәлімет жарияланған жоқ.

Еске салайық, бұған дейін Парижде Лувр мұражайынан бағалы зергерлік бұйымдар ұрланғанын жазған едік. Франция президенті Эмманюэль Макрон бұл оқиғаға байланысты пікір білдіріп, ұрланған жәдігерлердің міндетті түрде қайтарылып, кінәлілердің жауапқа тартылатынын айтты. Ал осыдан бұрын Павел Дуров Луврдан ұрланған зергерлік бұйымдарды сатып алуға дайын екенін мәлімдеген еді.

Нұрила Жұмаділлә
Сейсенбі, 06 Қазан, 2026 08:50