Үкімет басшысы Абай облысы әкімінің орынбасарын жазалауды тапсырды
Премьер-министр Олжас Бектенов Семей қаласының жылу желілері жылыту маусымына уақытында дайындалмағанын сынға алды. Ол үшін Абай облысы әкімінің осы салаға жауапты орынбасарын тәртіптік жауапкершілікке тартуды тапсырды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Үкімет отырысында күн тәртібінен тыс өңірлердің қысқа дайындығы талқыланды. Олжас Бектенов жылу көздері мен желілерін 1 қазанға дейін толық дайындау жөнінде тапсырма берілгенін еске салды.
“Жылыту маусымы жоспарға сай басталды. Бұған дейін жылу көздері мен желілерін 1 қазанға дейін дайындауды тапсырған едім. Бір өңірден басқасының бәрі тапсырманы уақытында орындады”, – деді Олжас Бектенов.
Үкімет басшысының сыны Семей қаласындағы жұмысқа қатысты болды. Қаладағы жылу желілері белгіленген мерзімде дайын болмаған. Ал бұл жұмысты үйлестіруге жауапты облыс әкімінің орынбасары өз міндетін тиісті деңгейде атқармаған деп бағаланды.
Бектеновтің айтуынша, жалпы елде жылыту маусымы жоспарға сай басталған. Қазір 11 өңірге жылу беріліп жатыр. Ал оңтүстік пен батыс өңірлерінде жылу беру мерзімі бекітілген кесте мен ауа райына байланысты болады.
Айта кетейік, бұған дейін Павлодар облысында 14 қыркүйектен бастап жылу маусымы басталғаны туралы жазған едік.
"Өзімізді дәлелдедік": Олимпиадада жүлделі орын алған таэквондошылар Қазақстанға оралды
