Миллиардер Өтемұратов теннистен әуесқойлар арасындағы турнирде төреші болды
Астанада әуесқойлар арасында "Forte Open" турнирі өтті. Әуесқой теннисшілер матчқа Қазақстан Теннис федерациясының президенті Болат Өтемұратов төрешілік еткенін айтып мақтанды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
“Бізге кім төрешілік ететінін көріңіздер. Ал сіздің қандай жетістігіңіз бар? Кеше Forte Open 2026 турнирінде финалдық матч өтті. Біз финалда ойнадық, ал матчқа төрелік етуге Теннис федерациясының президенті Болат Жәмитұлы Өтемұратов келді”, – деп жазды жазба авторы.
Жарысқа 65-тен астам спортшы қатысты. Қатысушылар арасында Қазақстан, Өзбекстан, Украина және Ресей өкілдері болды.
Дәстүрлі форматта өткен екі күндік турнирде спортшылар ерлер арасындағы жекелей және жұптық разрядтарда бақ сынады.
Еске салайық, ForteBank акциялары күрт қымбаттағаннан кейін кәсіпкер Болат Өтемұратов Қазақстандағы ең бай адам атанды. Оның байлығы екі аптада 2,5 еседен артық өсіп, 9,56 миллиард долларға (4,99 триллион теңгеге) жетті.
Forbes дерегі бойынша 2025 жылғы 15 мамырда Өтемұратовтың жалпы байлығы 3,7 миллиард доллар деп бағаланған. ForteBank-тегі үлесінің күрт өсуіне байланысты, оның байлығы бүгінде 9,56 миллиард долларға жетті. Ал Вячеслав Кимнің байлығы 7,1 миллиард доллар көлемінде қалып отыр.
