Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Үкімет цифрландыру арқылы жыл сайын 200 миллиард теңгеге дейін үнемдемек

бюджет қаржат цифрландыру
Фото: Stan.kz

Қаржы министрі Мәди Тәкиев цифрлық құралдардың мемлекет шығындарын азайтып, бюджет кірісін арттыруға қалай көмектесіп жатқанын айтты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Үкімет отырысында Мәди Тәкиев цифрландырудың экономиканы көлеңкеден шығаруға қалай көмектесіп жатқанын айтты.

“2026 жылдан бастап өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға арналған арнайы салық режимі енгізілді. Оған сәйкес, әлеуметтік төлемдерді 4% мөлшерінде цифрлық платформаның өзі салық агенті ретінде ұстап қалады. Бұл жүйені алғаш "Яндекс" платформасынан бастадық. Қазірдің өзінде оған Indrive, Wolt, Glovo және басқа да платформаларды қоса алғанда, 38 платформа қосылды. Нәтижесінде өзін-өзі жұмыспен қамтығандардың саны 14,5 мыңнан 805 мың адамға дейін өсті. Ал әлеуметтік төлемдер 1,4 миллиа теңгеден 16,1 миллиард теңгеге дейін артты”, – деді Мәди Тәкиев.

Министрдің айтуынша, мемлекеттік шығындарды цифрландыру жұмысы да жалғасып жатыр.

“Бүгінде мемлекеттік шығындар бюджет жоспарлауынан бастап, мемлекеттік сатып алуларға, қазынашылық орындауға және онлайн бақылауға дейін бірыңғай цифрлық жүйеге біріктірілді. Бұл әр теңгенің қайда жұмсалғанын бақылауға және оның қаншалықты тиімді пайдаланылғанын бағалауға мүмкіндік береді”, – дейді министр.

Оның сөзінше, бюджет жоспарлау кезеңінің өзінде фискалдық деректерді пайдалану арқылы жылына 200 миллиард теңгеге дейін үнемдеуге болады.

Мәди Тәкиевтің пікірінше, ең маңыздысы – Қаржы министрлігі тиімсіз шығынды анықтап, кейін жазалаудан алдын ала бақылауға көшіп жатыр.

“2027-2029 жылдарға арналған бюджетті қалыптастыру кезінде 1,5 триллион теңге көлеміндегі шығынның алдын алынды. Яғни, цифрландыру тиімсіз шығындарды тауып қана қоймай, олардың алдын алуға мүмкіндік береді”, – деді министр.

Енді ведомство мемлекеттік органдардың цифрлық жүйелерін бір жүйеге біріктіруге кірісті. Бұл жүйе мемлекеттік шығындарды басқаруға көмектеседі.

Қазір цифрлық шешімдер білім беру, денсаулық сақтау, жер қойнауын пайдалану, энергетика, тауарларды таңбалау және басқа да салаларда қолданылып жатыр.

Айым Болатқызы
Сейсенбі, 06 Қазан, 2026 11:19