"10 жыл бойы үй мен аурухананың ортасында жүрдік": Ердос Қанаев марқұм ұлын есіне алды
“Жігіттер” тобының әншісі Ердос Қанаев алғаш рет отбасы мен өмірден ерте кеткен ұлын айтып, көз жасына ерік берді. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Urpaq подкастына сілтеме жасап хабарлайды.
Фото подкастан скриншот
Бүгінде өнер иесі көпбалалы әке. Жары Айдана екеуі екі ұл, екі қыз тәрбиелеп отыр.
“2009 жылы алғаш рет әке атандым. Бірақ қуанышымыз ұзаққа созылған жоқ. Тұңғышым дүниеге келген күні шаруаларыммен басқа қалада жүр едім. Келіншегімнің жанында болмадым. Достарыма сүйіншілеп, қатты қуандық. Перзентханаға келгенде ұлымды жан сақтау бөліміне алып кетіпті. Сол кезде-ақ қуанышымыз су сепкендей басылды. Екі ай вакуумде демалып жатты. Диагнозбен туғанын сол кезде бір-ақ білдік. Ұйқысыз түндер басталды. Өнер адамы болғаннан кейін сыртта көп жүрдім. Анасы ғана жанында болды. Тіпті екі күн үйде, екі ай ауруханада жатты. Анасы жанында, мен сыртта көлікте күтіп отыратын едім. Сондай күндер де өтті. 10 жасқа жеткенде дүниеден өтті. Осы күнге дейін отбасым мен балаларым туралы айтпағанмын. Ұлым кеткесін айта бастадым. Халық та ерекше диагноздағы баламның барын ол кеткеннен кейін бір-ақ білді. Туабітті сырқат болғасын, апармаған жеріміз жоқ. Бірақ пешенесіне 10 жыл ғана өмір сүруді жазыпты”, – деп күрсінеді өнер иесі.
Өнер иесінің айтуынша, тұңғыш баласынан кейін екі ұл, екі қыздың әкесі атанды. Алайда баласының сырқатынан кейін балалы болуға қорқып қалғанын жасырмады.
“Қазақ эстрадасындағы көпбалалы әкелердің бірімін. Бірақ Абдулрахимнан кейін балалы болуға қорқып қалдық. Тек ұлымызды аяққа тұрғызуды ойладық. Бірақ Алла нәсіп етті. Қазір жақсы әке болуды үйреніп жатырмын. Балаларыма үлгілі әке болуға тырысамын. Құдайдан тек дені сау ұрпақ тілеймін. Тұңғышым ата-ана мейіріміне қанбады деп ойлаймын. Сол олқылықтың орнын толтыру үшін уақытымның көп бөлігін балаларымның жанында өткізгім келеді. Кейде неге менің балам ғана ауру болып туды деп ойлайтыным да жасырын емес. Қай жерден қате жібердім, кімнің қарғысына қалдым деп ойлаймын. Бірақ жоғарыдан келген сынақ екенін білгеннен кейін өзімді жазғыруды тоқтаттым”, – дейді әнші.