"Он есе қымбат!": Алматыда ата-аналар мектеп формасы мен оқу-құралдың бағасын айтып, шу шығарды
Жуырда жаңа оқу жылы басталады. Мектеп формасы қымбат, оқу-құралдың бағасы шарықтап тұр. Базарда балаларын жетектеген алматылық ата-аналар дәл осылай дабыл қақты, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат порталы.
Мәселен, Мейрамгүл Жорықбаева есімді келіншек қалтасына азын-аулақ ақша түссе базарға қарай асығады. Өйткені мектеп жасындағы үш баласына бір күнде киіп алып, оқу-құралмен қамтамасыз етуге оның қауқары жетпейді. Өткен аптада кіші қызын киіндірсе, бұл жолы тұңғышын ертіп келіпті. Әрқайсысына кем дегенде 100 мың теңге кетеді екен. Қыркүйекке дейін ортаншы қызына да керегін алып беруі керек.
"Барлығына бірден алып беруге қаржы жағы жетпейді. Жылдан жылға қымбаттап жатқан сияқты, осы жылы мүлдем қымбат. Осы оқу жылы жақындаған кезде бәріміз солай қиналамыз. Ақшаға келгенде қиналамыз, жеткізе алмайсың. Әңгіменің ашығы – кредитке аласың. Үшінші қызыма керекті заттарды алу үшін енді ақша болғанда келеміз", – дейді Мейрамгүл Жорықбаева.
Базар жағалап жүрген көпбалалы аналардың қатарында Айгүл Бектеміс және Айнагүл Мақамбаева есімді әйелдер де бар. Біреуінің төрт, екіншісінің бес перзенті бар. Олардың екеуі де жұмыс істемейді, бүкіл отбасы отағасының тапқан табысына қарап отыр.
"Әрбір оқушыға 100-150 теңге кетеді. Төрт баламен үйде отырамын, күйеуім жұмыс істейді. Барлығы қымбат. Былтырғы бағамен салыстырғанда 10 есе қымбаттаған. Жыл сайын көтеріле береді, бірақ ақша жетпейді. Көп аналарға қиын. Алты оқушысы бар ата-аналарға өте қиын. Негізі жәрдемақы балаға көп бөліну керек қой. Көбісі пәтер жалдап тұрады", – деді Айгүл Бектеміс есімді ана.
"Бір оқушыға 100-150 теңге кетеді. Мен үшін өте қымбат. Айлығымыздың жартысынан көбі оқуға кетіп жатыр. Балаларды оқуға бергеннен кейін олардың оқу-құралын, киімін алуымыз керек. Көпбалалы отбасыларға көмек жоқ. Бізге ақшалай көмек берсе, біз өзіміз келіп сатып аламыз. Түбіртекті (чек) шығарып апарып береміз", – дейді бес баланың анасы Айнагүл Мақамбаева.
Жаңа оқу жылы қарсаңында бағаның қымбаттауына қатысты сатушылардың да айтары бар.
"Біздің қымбат сатқымыз келмейді. Бірақ заттың бағасы қымбаттағаннан кейін, біз де осыдан нәпақамызды тауып отырғаннан кейін аздап қосамыз. Мысалы, биыл бір қаламсаптың бағасы 50 теңгеден басталады, ал былтыр 80 теңгелік дәптерлерді биыл 95 теңгеден алдық. Жасыратыны жоқ, біз ол бағаға 30-40 теңге қосамыз. Күнделіктің бағасы 500 теңге. Егер баспадан шықпай, тапшылық туындаса, 1000 теңгеге сатамыз. Өйткені біз сату орнын жалға аламыз, оған 150-200 мың теңге төлейміз. Қожайынға төлейтініміз бар. Сол шығынның барлығын сауда арқылы шығаруымыз керек", – дейді Бұлыс Зайым есімді саудагер.
Видео сұхбаттың толық нұсқасын дәл қазір Stan Kz Youtube арнасынан көріңіз.