1 шілдеден бастап несие алу қиындайды: Кімдерге қарыз бен бөліп төлеу қолжетімсіз болады

Қазақстанда 1 шілдеден бастап тұтынушылық несиелеу талаптары күшейеді. Енді ресми табысы расталмаған азаматтарға несие мен бөліп төлеу қызметтерін рәсімдеу қиынға соғады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі Іnbusiness.kz порталына сілтеме жасап хабарлайды.
Несие алғысы келетіндер үшін негізгі көрсеткіштер – борыштық жүктеме коэффициенті (БЖК) және қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті (ҚТҚК) болады. Біріншісінде жылдық табыс маңызды болса, екіншісінде ай сайынғы жалақы ескеріледі.
БЖК адамның табысының қанша бөлігі несие төлеуге жұмсалып жатқанын көрсетеді. Қазіргі шекті деңгей – 50%. Ал ҚТҚК жаңа несиені қоса есептегендегі жалпы қарыздың жылдық табысқа қатынасын білдіреді. Көрсеткіш неғұрлым жоғары болса, төлем қабілетсіздігі қаупі де соғұрлым жоғары болады. Болашақта ипотека мен автонесие үшін бөлек лимиттер енгізу жоспарланып отыр. Айта кетейік, бұл көрсеткіш өткен жылдан бері сынақ ретінде қолданылып келеді, алайда нақты шектеулер – мысалы, 5, 10 немесе 50 деңгейі – әлі белгіленген жоқ.
"Қарыздың табысқа қатынасы коэффициенті халықаралық тәжірибеде кеңінен қолданылады және ең алдымен халықты шамадан тыс қарыз жүктемесінен әрі банкроттық қаупінен қорғауға бағытталған. Қазіргі уақытта Ұлттық банк статистикалық деректерді талдап, бұл көрсеткіштің қарыз алушылардың түрлі санаттарына және банктердің несие белсенділігіне ықпалын бағалап жатыр. ҚТҚК бойынша нақты нормативтік мәндерді белгілеу мәселесі банк секторымен бірлесіп қарастырылуда. Көрсеткіш деңгейі, оны енгізу мерзімі және кезең-кезеңімен енгізу мүмкіндігі туралы түпкілікті шешім талдау нәтижелері мен несие нарығының жағдайы, сондай-ақ іскерлік белсенділік деңгейі ескеріліп қабылданады", – деп хабарлады Ұлттық банкте.
Өзгерістердің ресми мақсаты – несие алып, кейін оны қайтара алмайтын жағдайлардың санын азайту. Яғни, несие мақұлдау талаптары күшейеді. Әсіресе бейресми жұмыс істейтін азаматтарға қиын болуы мүмкін.
Ұлттық банктің мәліметінше, алдыңғы жылдары несиелеу тым жылдам өскен. 2023 жылы 41%, 2024 жылы шамамен 24%-ға көтерілген. Мұндай қарқынды өсім тәуекелдерді арттырады, өйткені халық табысы төмендеген жағдайда проблемалық несиелердің үлесі көбейеді. Бұл тек банктердің шығынына емес, әлеуметтік шиеленіске де әкелуі мүмкін. Сондықтан 2024-2025 жылдары реттеушілер нарықты "салқындату" шараларын қолға алды. Кепілсіз несиелерге лимиттер енгізіліп, төлем мерзімін өткізіп алған қарыз алушыларға қойылатын талаптар күшейтілді.
Бұл шаралар өз нәтижесін берді. 2025 жылы несие беру өсімі 10%-ға дейін баяуласа, 2026 жылдың наурызындағы деректер бойынша 6,8%-ды құрады. Соған қарамастан, өткен жылдың күзінде халықтың екінші деңгейлі банктер алдындағы берешегі 24 триллион теңгеге жетті. Оның шамамен 70%-ы тұтынушылық несиелерге тиесілі болды. Орта есеппен бұл елдің әр тұрғынына шаққанда 1,2 миллион теңгеден келеді.
Шектеулер қазірдің өзінде бар, бірақ олар көбейе түседі
2025 жылдың қарашасында Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі қаулы қабылдап, соңғы 12 ай ішінде 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі болған азаматтар үшін борыштық жүктеме коэффициентін 0,5-тен 0,25-ке дейін төмендетті. Яғни, егер сіздің айлық табысыңыз 200 мың теңге болса, бұрын несие төлемдеріне айына 100 мың теңгеге дейін жұмсауға рұқсат етілсе, енді бұл сома 50 мың теңгеден аспауы тиіс.
Кейін талаптар одан әрі қатаңдатылды: микроқаржы ұйымдары енді төлем мерзімі бір күнге ғана кешіккен клиенттерге де несие беруден бас тартуға міндетті. Ал банктер үшін мерзімі өткен берешек шегі 90 күннен 30 күнге дейін қысқартылды.
"Кепілсіз тұтынушылық банктік несиелердің ең жоғары сомасы 2200 АЕК-тен (9,5 млн теңге), ал кепілсіз микронесиелердің ең жоғары сомасы 1100 АЕК-тен (4,7 млн теңге) аспауы тиіс. 90 күннен астам мерзімі өткен берешегі бар азаматтарға кепілсіз тұтынушылық несие беруге тыйым салынды. Барлық несие түрлері бойынша жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемелерінің шекті деңгейі төмендетілді. Ұлттық банк халыққа берілетін несиелер бойынша 2% деңгейінде салалық контрциклдік капитал буферін енгізді, ал банктер оны қалыптастыруды 2026 жылдың 1 сәуіріне дейін аяқтады", – деп нақтылады Ұлттық банк.
Бөліп төлеу қызметтері мен BNPL (қазір сатып ал, кейін төле) сервистеріне де ерекше назар аударылып отыр. Ұлттық банктің пікірінше, мұндай құралдар ыңғайлы болғанымен, жасырын қарыз жүктемесін қалыптастыруы мүмкін.
Қазақстандықтар үшін жақсы жаңалық та бар: төлем қабілеттілігін бағалау кезінде ескерілетін табысқа қойылатын қатаң талаптарды енгізу мерзімі келесі жылдың 1 қаңтарына дейін кейінге шегерілуі мүмкін. Бұл туралы жақында Мәжілісте өткен брифингте Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің төрайымы Мәдина Әбілқасымова мәлімдеді.
Қаржы сарапшысының кеңестері
Несие беру кезінде тәуекелдерді бағалау тәсілі барған сайын қатаңдап келеді. Сондықтан алдын ала дайындалған дұрыс. Қаржылық жағдайыңыз неғұрлым ашық әрі түсінікті болса, несие мақұлдану ықтималдығы да соғұрлым жоғары болады.
"Ең алдымен несие жүктемесі мен несие тарихына назар аудару қажет. Ұсақ қарыздарды жауып, белсенді несиелер санын азайту қарыз алушының жалпы профилін жақсартып, банктің тәуекел бағасын төмендетуге көмектеседі. Сонымен қатар төлемдерді уақытылы жасап, кешіктірулерге жол бермеу арқылы оң несие тарихын сақтау маңызды. Кез келген кешіктіру тіркеледі және жаңа несие беру туралы шешімге әсер етуі мүмкін", – дейді Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының бас сарапшысы Рамазан Досов.
Сарапшы табысты растау мәселесіне де ерекше көңіл бөлуге кеңес береді. Тұрақты әрі ресми расталған табыс несиенің мақұлдану мүмкіндігін арттырып қана қоймай, оның шарттарына да әсер етуі мүмкін.
"Егер сөз ипотека туралы болса, бастапқы жарнаны алдын ала жинақтау қажет. Бұл банк үшін тәуекел деңгейін төмендетіп, тиімдірек шарттармен несие алу мүмкіндігін арттырады", – дейді Рамазан Досов.
Қысқаша айтқанда, қарыз алушылар ұсақ несиелерін алдын ала жауып, төлемдерді кешіктірмеуге және мүмкіндігінше "конверттегі жалақыдан" бас тартып, ресми табысқа көшуге тырысқаны жөн. Ал ипотека алуды жоспарлағандар үшін бастапқы жарнаны ертерек жинау бұрынғыдан да маңызды бола түспек.
Халық табысы төмендеп, несие алу қиындап барады
Сарапшылардың айтуынша, несиелеу талаптарының қатаюы экономиканың жалпы баяулауымен қатар жүріп жатыр. Рамазан Досовтың сөзінше, қолға алынған шаралар тұтынушылық несиелеу мен халықтың қарыз жүктемесінің өсуін тежеуге бағытталған. Алайда бұл міндеттің бір бөлігі макроэкономикалық үрдістердің өзі арқылы жүзеге асып жатыр: бөлшек сауда баяулап, несие беру көлемі азайып, тұтынушылық белсенділік төмендеуде.
"Тұтынушылық белсенділіктің бәсеңдеуі байқалады. Бұл көбіне халықтың нақты табысының төмендеуімен, қатаң ақша-несие саясатымен және бөлшек несиелеу саласындағы реттеу талаптарының күшеюімен байланысты. Мысалы, биылғы жылдың бірінші тоқсанында бөлшек сауда өсімі 2,8%-ға дейін баяулады, ал өткен жылы бұл көрсеткіш 4,8% болған. Сонымен қатар қаңтар-ақпан айларында жаңа бөлшек несиелер беру көлемі 5,9%-ға қысқарды. Бұл тұтынушылық және несиелік сұраныстың әлсіреп жатқанын көрсетеді", – дейді сарапшы.
Оның пікірінше, ҚТҚК енгізу және шекті пайыздық мөлшерлемелерді төмендету сияқты қосымша шектеулер бұл үрдісті одан әрі күшейтуі мүмкін. Өйткені нарық қазір өсу кезеңінде емес, сондықтан қосымша қысым экономикалық белсенділіктің одан әрі төмендеуіне алып келуі ықтимал.
"Талаптардың қатаюы жағдайында кейбір қарыз алушылар төлем қабілеттілігі бойынша қатаң бағалауға ұшырап, несие сомасы немесе шарттары бойынша шектеулерге тап болуы мүмкін. Нақты табыстың төмендеуі мен тұтынушылық белсенділіктің бәсеңдеуі аясында бұл кейбір отбасылар үшін несиенің шығындарды жабу немесе ірі сатып алулар жасау құралы ретінде қолжетімділігін төмендетеді. Соның салдарынан тұтынушылық мінез-құлық та сақ бола түседі", – дейді Рамазан Досов.
Сарапшылар кейбір азаматтардың банктер талаптарына мүлдем сай келмей қалу қаупі бар екенін айтады. Әсіресе тұрақсыз табысы немесе нашар несие тарихы бар адамдар үшін жағдай қиындай түсуі мүмкін. Бұған дейін мұндай отбасылар үшін несие мен бөліп төлеу жалақыға дейін жетудің үйреншікті тәсіліне айналған еді. Егер бұл мүмкіндік шектелсе, олар қаржы іздеудің басқа жолдарын қарастыруы мүмкін.
"Нақты табыстың төмендеуі жағдайында қарыз қаражатына деген қажеттілік сақталса, кейбір қарыз алушылардың бейресми қаржы нарығына жүгіну қаупін жоққа шығаруға болмайды. Бұл олардың өздері үшін тәуекелдерді арттырып, нарықтың ашықтығын төмендетеді", – дейді сарапшы.
Ипотека нарығында не өзгеруі мүмкін?
Тұрғын үй нарығында да сұраныс төмендеп, мемлекеттік бағдарламаларға қызығушылық арта түсуі ықтимал. Мысалы, 2026 жылдың қаңтар-ақпан айларында Отбасы банк берген жаңа ипотекалық несиелердің нарықтағы үлесі 70%-дан 78%-ға дейін өсті.
"Талаптардың қатаюына байланысты кейбір азаматтар үй сатып алуды кейінге қалдыруы немесе тұрғын үйдің бағасы мен сипаттамаларына қатысты талаптарын төмендетуі мүмкін. Тұтынушылық белсенділіктің баяулауы мен нақты табыстың азаюы ипотекалық несиеге деген сұраныстың, әсіресе нарықтық сегментте, әлсіреуіне әкелуі мүмкін. Сұраныс көбіне мемлекеттік бағдарламаларға ауысады. Нәтижесінде тұрғын үй нарығы бұрынғыдан да қатты сегменттелуі ықтимал", – дейді сарапшы.
Сонымен бірге Рамазан Досов тұрғын үй нарығында айтарлықтай құлдырау болады деп есептемейді. Оның айтуынша, тұрғын үйге деген сұранысқа демографиялық факторлар мен республикалық маңызы бар қалалардағы баспана тапшылығы қолдау көрсетіп отыр.
Бөліп төлеу мүмкіндігі де шектелуі мүмкін
Ұлттық банк енді бөліп төлеу қызметтері мен BNPL (қазір сатып ал, кейін төле) сервистерін де бақылауға алмақ. Реттеушінің пікірінше, қазақстандықтар бір батырманы басып рәсімдейтін бөліп төлеулер арқылы қанша қарыз жинап қойғанын әрдайым сезіне бермейді. Қазір мұндай тәсілмен тек тұрмыстық техника емес, қымбат тауарлар, тіпті автокөліктер де сатып алынады.
Ұлттық банктің мәліметінше, азаматтар бөліп төлеуді рәсімдеу кезінде оның шарттарын толық түсінуі керек. Атап айтқанда, төлем кешіктірілген жағдайда қандай айыппұл салынатынын, қарыздың коллекторларға берілу тәртібін, бөліп төлеуден бас тарту және тауарды қайтару талаптарын білуі қажет.
Ұлттық банк назар аударған тағы бір мәселе – бөліп төлеулердің барлығы бірдей адамның жалпы қарыз жүктемесін есептеу кезінде ескерілмейді. Соның салдарынан азаматтың нақты қарызы барынан аз болып көрінуі мүмкін. Сондықтан қазір бұл нарықты барынша ашық ету мәселесі қарастырылып жатыр. Алайда жаңа тетіктердің қалай жұмыс істейтіні әзірге талқылану үстінде.
"Реттелетін қаржы ұйымдарына жатпайтын компаниялар берген бөліп төлеулер бойынша төлемдердің есепке алынбауы қарыз алушының борыштық жүктеме коэффициентін бұрмалауы мүмкін. Бұл мәселе банктер мен микроқаржы ұйымдары үшін де, тауарды бөліп төлеумен сататын ұйымдар үшін де өзекті. Дегенмен бөліп төлеулер мен BNPL сервистері бойынша төлемдерді қалай есепке алу керектігі әзірге талқыланып жатыр", – деп мәлімдеді Ұлттық банк.
Бұл мәселеге Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының сарапшылары да пікір білдірді. Рамазан Досов бөліп төлеу қызметтері сақталғанымен, олардың шарттары қатаңдауы мүмкін екенін айтады. Яғни мақұлданатын өтінімдер саны азайып, мерзімдер қысқаруы немесе шарттар бұрынғыдай икемді болмауы ықтимал. Соның салдарынан кейбір клиенттер үшін бөліп төлеу бұрынғыдай оңай әрі қолжетімді құрал болмайды.
Бизнеске де әсер етеді
Сарапшылардың пікірінше, несие мен бөліп төлеудің қолжетімділігі төмендесе, бұл бизнеске де әсерін тигізеді. Әсіресе интернет-дүкендер мен электронды сауда саласында сатылым көлемі қысқаруы мүмкін.
"Бірнеше жылдан бері бөлшек несиелеу саласына енгізіліп жатқан қатаң шектеулер сатып алушылар үшін қарыз қаражатының қолжетімділігін төмендетіп, соның салдарынан онлайн саудадағы сатып алуларды да тежейді. Сауда және e-commerce саласындағы шағын бизнес үшін бұл тұтынушылық сұраныстың баяулауын және айналымның азаюын білдіреді. Ең алдымен бұл BNPL мен тұтынушылық несиелер есебінен сатылымының едәуір бөлігін қалыптастыратын сегменттерге әсер етеді. Нәтижесінде бизнеске баға саясатын, клиенттермен жұмыс тәсілдерін және тіпті бизнес-моделін қайта қарауға тура келуі мүмкін", – дейді Рамазан Досов.
Жеңілдік болуы мүмкін бе?
Сарапшы несие беру талаптарының қатаюы ұзақ мерзімді үрдіске айнала ма, әлде болашақта қайта жұмсаруы мүмкін бе деген сұраққа да жауап берді.
Рамазан Досовтың айтуынша, егер инфляция төмендеп, базалық мөлшерлеме қысқара бастаса, болашақта несие шарттарын жеңілдетуге мүмкіндік тууы мүмкін. Бірақ жақын арада қатаң саясат сақталады.
"Реттеу параметрлері әдетте макроэкономикалық жағдайға байланысты өзгеріп отырады. Егер инфляция бәсеңдей берсе және базалық мөлшерлеме төмендей бастаса, уақыт өте келе несие шарттарын жұмсартуға мүмкіндік пайда болады. Алайда қысқа мерзімде бөлшек несиелеудің баяу қарқыны сақталуы ықтимал. Әсіресе сәуір айынан бастап жеке тұлғалардың тәуекелмен өлшенген активтері портфеліне қатысты 2 пайыздық контрциклдік капитал буферінің енгізілуі қосымша қысым жасайды", – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, тұтынушылық белсенділіктің төмендеуі мен халықтың нақты табысының азаюы жағдайында қазақстандықтар қарыз алуға бұрынғыдан сақтықпен қарай бастайды. Сондықтан несиеге деген сұраныс 2024 жылғы ең жоғары деңгейге жете қоймайды.
Сарапшы өткен жылы қазақстандықтардың несие алуға өтінім беруі сирегенін де еске салды. Өтінімдер саны 13,7 пайызға азайған. Ал бір жыл бұрын керісінше 13,8 пайыздық өсім тіркелген еді. Бұл несиеге деген сұраныс динамикасының өзгергенін көрсетеді.
Еске салайық, бұған дейін мәжілісте Қазақстанның мемлекеттік қарызының өсуі талқыланған еді. Депутат Ерлан Стамбеков халық пен бизнеске несие алуда шектеу қойылып жатқанымен, мемлекеттің өзі қарыз көлемін арттырып отырғанын сынға алған. Ал қаржы министрі Мәди Тәкиев мемлекеттік қарыздың көлемі қауіпсіз деңгейде екенін және оның ІЖӨ-нің 22,8%-ы болатынын мәлімдеген.
Алматы облысында туғанына 5 күн болған сәби көз жұмды: Туыстары дәрігерлерді нәрестені жерге құлатып алды деп айыптады
Оқыңыз