Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

"1 млрд теңге шығынға ұшырауы мүмкін": Премьер-министрдің орынбасары Екібастұз ЖЭО-ны 1 теңгеге сату туралы ұсынысқа пікір білдірді

Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғарин Екібастұз жылу-электр орталығын мемлекет меншігіне беру мәселесін қарастыру туралы сөз қозғады, деп хабарлайды Stan.kz ақпарат агенттігі.

Үкімет кулуарында журналистер Жұманғариннен олигарх Александр Клебановтың Екібастұз ЖЭО-ны мемлекетке 1 теңгеге сату туралы ұсынысы жайлы сұрады. 

"Мен ондай әңгімені естідім. Бірақ қазір мұны ЖЭО-ның жағдайына қарап зерттеу қажет. ЖЭО-ның өзіне, жылумен жабдықтау желілеріне қаншама қаражат керек. Ертең бүкіл жүктемені бюджет өзіне алып, ЖЭО-ны бір теңгеге сатып алса, ертең 1 миллиард теңге шығын болмасын", - деп жауап берді вице-премьер.

Ол ең алдымен Екібастұздағы апатты бірлесіп жою мәселесін қарастыру керек екенін айтты.

"Бұл мәселе әлі талдау сатысында тұр. Мұнда шешім қабылдамай тұрып, оның жағдайын тексеру керек. Егер бұл мемлекетке үлкен ауыртпалық салса және іс жүзінде біз объектіні алып, иесіне сыйлық жасағандай боламыз. Сосын оған барлық қаражатты саламыз. Сондықтан, ең алдымен, жағдайды бірлесіп түзету мәселесін қарастыру қажет", - деді Серік Жұманғарин. 

Бұған дейін мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров олигарх Александр Клебанов өзі бақылайтын Екібастұз жылу электр орталығын апатты күйде мемлекетке 1 теңгеге сатқысы келетінін мәлімдеді.

Депутаттың айтуынша, Екібастұз қаласының әкімшілінде өткен жиналыста бай бизнесмен осындай ұсыныс тастаған. 27 қарашаға қараған түні Екібастұз ЖЭО-да қазандықтар істен шығып, тұрғындар қақаған аязда жылусыз қалды. Ертесіне қалада төтенше жағдай жарияланды. 

 

Талқылау