"1 доллар 600 теңгеге жетуі керек": Экономистер доллардың өсуі Қазақстанға қалай әсер ететінін айтты
Бүгін Қазақстандағы доллар бағамы 525 теңгеге жетті. АҚШ валютасының күрт көтеріліп, теңгенің құлдырауына не себеп? Бұл қарқынмен доллар бағамы 600 теңгеге жетуі мүмкін бе? Stan.kz тілшісі экономикалық өзгерістерге қатысты отандық қаржыгерлердің пікірін біліп, ел экономикасына әсерін сұрап көрді.
Фото: Stan.kz
“Теңгенің құлдырауына не себеп?”
Қазақстандық қаржыгер Айбар Олжаевтың айтуынша, теңге санкцияның себебінен әлсіреген ресейлік рубльдің салдарынан құлады.
“Теңгені құлап бара жатқан рубль өзімен бірге төмен тартуда. Себебі Forex рубльдің кросс-курсы “Газпромбанкка” санкция салғалы бері күрт құлады. Қазір Forex-тегі бағамы 109,9. рубль/теңге паритетін 5 деп санағанда ол 549,5 кросс-курсына, ал 4,7 деп санағанда ол 516,53 кросс-курсына тіреп тұр. Демек Forex қазір теңге рубль паритетін 4,7 деңгейінде қабылдағанын анықтай аламыз. Газпромбанк газ контракттары бойынша Еуропа және басқа да елдерден валюта әкеліп тұрған Ресейдегі жалғыз ресми канал еді. Оның бұғатталуы нарықта ажиотаж туғызды және инвесторлардың рубльдан тезірек құтыла бастауына алып келді. Қазір биржаларда барлығы жаппай рубль сатып жатыр және Ресейде басқа валюталарды айтпағанда тіпті юань тапшылығы қатты сезіледі”, – дейді экономист.
Маманның айтуынша, дәл осындай жағдайда АҚШ керісінше, долларды күшейтуге барын салды.
“DXY индексі 106,2-ге жетіп отыр. Бұл доллардың барлық әлемдік валюталардың жолда қалдырып жатыр деген сөз. Трамп антиглобалист және ол доллар инфляциясын болдырмауға уәде берген. Бұл инвесторлардың әлсіз валюталардан кетіп, доллардың айналасына қайта топтаса бастауына жол ашады. Шындығын айтсақ, теңгеге ауырлау заман келе жатыр. Оны осы қараша айындағы КАSЕ-дегі сауда-саттық көлемінен байқауға болады. Бір күндік орташа сауда көлемі рекордтық 240 миллион долларға жетуге аз қалды. Демек, инвесторлар теңгеден долларға жаппай ауысып жатыр”, – дейді Айбар Олжаев.
Тағы бір отандық экономист, сарапшы Қайырбек Арыстанбеков доллардың өсіп, теңгенің құлдырауының ішкі және сыртқы себептері бар дейді.
“Оның түрлі себебі бар, соның ішінде экономикалық фактордың да әсері болды. Сыртқы факторге келетін болсақ, Вашингтонда президент сайлауы өтті, қазір рәсімдеу жұмыстары жүріп жатыр. Трамптың сайлау алды платформасы бойынша, мұнай өндіру және оның бағасын түсіру жоспарланып отыр. Демек бұл Қазақстан секілді мұнай экспорттайтын елдерге кері әсер етеді. Біздегі доллар бағамының өсуін осы факторлармен түсіндіруге болады. Екінші сыртқы фактор, Ресей рублінің соңғы екі аптада өз позициясын күрт жоғалтып алуы. Қазір қателеспесем, рубль 1 долларға шаққанда 108-115 болып тұр. Демек, біздің сыртқы сауданы шамамен 25-30%-ы Ресейге бағытталған”, – дейді қаржыгер.
Сарапшының айтуынша, доллардың өсуіне әсер еткен ішкі факторлардың бірі – елімізде жүргізіліп жатқан экономикалық саясат, Ұлттық банктің ақша-несие саясаты мен үкіметтің фискалық саясаты арасындағы қарама-қайшылық.
“Бюджеттің дағдарыстың белгілері, инфляция да себеп болды. Сондай-ақ сыртқы саудадағы төлем балансында қазіргі есепшотта дефицит байқалады. Осылардың жиынтығы бағамның өзгеруіне әкеп соқты”, – дейді Қайырбек Арыстанбеков.
Қазақстандағы АҚШ валютасының шарықтауына қатысты отандық экономист Расул Рысмамбетов те пікір білдірді. Оның айтуынша, теңге емес, Қазақстан Ресейдің эконикасына тәуелді.
“Доллар индексі өсіп жатыр. Трам вербальді интервенциясының арқасында, баж салығын уәде етіп долларды күшейтті. Қазіргі у-шу басылады. Ұлттық банк биржалық сауда бір АҚШ доллары үшін 518-519 теңге аралығында жүріп жатқанын мәлімдеді. Болған іс болды. Үлкен көлемде алып-сатудан пайда көргісі келетіндер болса, мархабат. Бірақ барлық ақшаны салуға кеңес бермес едім. Доллар күшейді, доллар әлсіреді, ал біз екі оттың ортасында қалдық. ”, – дейді Расул Рысмамбетов.
“1 доллар 600 теңге болу керек”
“1 доллар 600 теңге болады” деп мен осыдан екі ай бұрын болжаған едім. Біріншіден, бізде 1 доллар жоқ дегенде 600 теңгеге жету керек. Әйтпесе, біздің бәсекеге қабілеттілігіміз тұншығады. Екіншіден, былтырғы жылдың қорытындысы бойынша, қолданыстағы валюта бағамының саясатының нәтижесінде шикізаттық емес экспорт 15 миллиард долларға қысқарып кетті. Сондықтан мұндай бағам ұлттық мүддеге сәйкес келмейді”, – дейді экономист.
Сарапшы доллар бағамы 600 теңге болған жағдайда бұл ел экономикасына оң әсер ететінін айтты.
“Егер 1 доллар 600 теңгеге жететін болса, шикізаттық емес экспорт потенциалы ұлғаяды, жұмыспен қамту өседі. Ең бастысы сыртқы экономикалық саясатта төлем балансында дефицит азаяды”, – дейді ол.
Экономист Арман Бейсебаев доллар 600 теңгеге жетпейді деген болжам жасады.
“Рубль алдағы уақытта да әлсірейді. Оның белігілері бар. Санкция жалғаса береді. Теңге де құлдырайды. Бірақ доллар 600 теңгеге жетеді деп ойламаймын. Қазіргі бағамнан 20%-ға баяу өседі. Шамамен 560 теңгеге дейін жетуі мүмкін. АҚШ-тың жаңа президенті қаңтар не ақпан айында жұмысқа кіріседі. Украинаға қарсы соғыс тоқтатса рубль күшейеді. Ал бұл болашақта теңгенің бақылауда болып, тұрақталуына көмектеседі ”, – деді қаржыгер.
Доллардың өсуі Қазақстан экономикасына қалай әсер етеді?
“Деваливация экономикамызға кері әсерін тигізеді. Бізге шетелден автокөлік, құрылғылар, тұрмыстық техника доллармен есептеліп келеді. Сәйкесінше оның бағасы да қымбаттайды. Азық-түлік, көлік бөлшектері, бензин, техниканың бағасы өседі”, – дейді Арман Бейсебаев.
“Доллар алғыңыз келсе, келесі аптаны күтіңіз”
Отандық қаржыгерлер доллар сатып алуға асыққан жандардың әрекеті бекершілік екенін айтады.
“Ең болмайтын іс – дәл қазір айырбастау бекетіне жүгіру. Қазір доллардың спекулятивті, эмоционалды толқында өсіп тұрған кезі. Ертең спекуляция көбігі басылғанда сіз ұтылып қаласыз. 2022 жылы Ресей соғыс ашқанда долларды 512 теңгеге сатып алған адамдарды жеке танимын. Олар екі жыл күтіп, сол курсқа енді ғана келіп отыр. Ұлттық Банктің конвертациялы және интервенциялық жұмысының әсері келесі аптада анық байқалатын болады. Қатты доллар алғыңыз келіп бара жатса, жоқ дегенде келесі аптаны күтіңіз деп айтар едім”, – деп ескертті экономист Айбар Олжаев.
Қаржыгер Қайырбек Арыстанбеков те доллар сатып алудың орнына, алтын алып, резервте ұстауға кеңес береді.
Бұған дейін Ұлттық банк валюта интервенциясын бастағанын мәлімдеген еді.