Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

0,25%-дан 30%-ға дейін: Қазақстанда қай банк сауда жасағаны үшін клиенттерге ең көп кешбэк пен бонус ұсынады

Бүгінгі таңда банктер клиент тарту үшін түрлі бонустар жүйесін ұсынады. Мәселен, кей банктерде кепілдендірілген бонустар 0,25-5% аралығында. Ал кейбірі тұтынушыларға жасаған саудасына қарай көбейтілген бонустар береді. Кейін банк кешбэгін жинап, өзге төлемдер кезінде пайдалануға болады. Stan.kz тілшісі сауда мен төлемдер үшін қай банктен көбірек кешбэк алуға болатынын анықтап көрді. 

кешбэк

Forte Bank 

Forte Bank тұтынушыларына "Барлығына бонустар" категориясы негізінде 0,5% кепілдендірілген бонус береді. Ал таңдалған тауарлар немесе қызметтер категориясына қарай 15%-ға дейін арттырылған бонустар ұсынады екен. Мәселен, қараша бойынша жоғарылатылған бонустың максималды көлемі 10%, ал Google Pay немесе Apple Pay арқылы төлем жасағанда 15% болады (Starbucks кофеханасындағы сауда үшін). Тамаққа тапсырыс беріп, карта арқылы төлегенде 5% (NFC арқылы төлем жасағанда 7%) кешбэк қайтарылады. 

Жоғарылатылған бонустар алу үшін ай сайын 5 санат ұсынылады, ал клиент солардың ішінен тек 2 категорияны таңдай алады. Айта кетері, категориялар ай сайын ауысып тұрады, ал категория таңдауға арналған сауалнама ай соңында автоматты түрде банктің мобильді қосымшасында шығады. 

"Барлығына бонустар" санатынан басқа санаттар бойынша кешбэк мөлшері айына 20 000 теңгеден аспайды. Клиент айына алатын бонустардың максимал мөлшері Blue, Black және балалар картасы бойынша 30 000 теңгеге дейін жетеді, Solo карталары бойынша 50 000 теңгеге жетеді.

Jusan Bank 

Jusan Bank-те стандартты бонустар көлемі 2%-ға тең. Ал жоғарылатылған бонус санаттары аясында 15%-ға дейін және кепілді санаттар бойынша 25%-ға дейін бонус ала алады. 

Жоғарылатылған бонус санаттарына келесілері жатады: 

  • Дәмханалар мен мейрамханалар;
  • Такси қызметі;
  • Супермаркеттер;
  • Жиһаз;
  • Фитнес және СПА;
  • Медициналық қызметтер;
  • Ойын қызметтері;
  • Білім;
  • Онлайн кино және музыка;
  • Сұлулық және косметика салондары;
  • Үй жануарларына арналған тауарлар;
  • Балаларға арналған тауарлар;
  • Киім және аяқ киім;
  • Саяхат;
  • Тамақ жеткізу.

Сонымен қатар бонустың максималды мөлшері клиенттің бонустық деңгейіне байланысты есептеледі. Банкте мұндай деңгейлер үшеу: 

Silver деңгейі: барлық клиенттер үшін қолжетімді. Аталмыш деңгей бойынша 1 жоғарылатылған бонус санатын таңдау мүмкіндігі және карта көмегімен жасалған әрбір сауда үшін 0,5% бонус қарастырылған. Бонустардың ең жоғарғы мөлшері айына – 15 000. 

Gold деңгейі: бір айда картамен жасалған сауда көлемі 70 000 теңгеден асқанда тағайындалады. Бұл деңгей бойынша 2 жоғарылатылған бонус санатын таңдау мүмкіндігі және карта көмегімен жасалған әрбір сауда үшін 1% бонус қарастырылған. Бонустардың ең жоғарғы мөлшері айына – 25 000.

Premium деңгейі: бір айда карта көмегімен жасалған сауда көлемі 12 000 теңгеден асқанда және Jusan Bank-те жалпы сомасы кемінде 500 000 теңгеге (немесе осы сомаға тең шетел валютасында) жететін депозит болған жағдайда тағайындалады. 
Бұл деңгей бойынша 4 жоғарылатылған бонус санатын таңдау мүмкіндігі және карта көмегімен жасалған әрбір сауда үшін 2% бонус қарастырылған. Бонустардың ең жоғарғы мөлшері айына – 40 000.

Ескеретін жайт, бонустың деңгейге қарамастан 1 транзакция үшін тағайындалатын бонустардың максималды сомасы 10 000-нан аспайды. 

Еуразиялық банк

Еуразиялық банкте "PayDa" бонустық бағдарламасы жұмыс істейді. Аталған бағдарлама бойынша клиенттерге картамен жасалған сауда үшін 34%-ға дейін бонустар беріледі. Кепілдендірілген бонус – 1%. 

Smartbank мобильді қосымшасында "Саяхат", "Мекемелер", "Киім" және Аксессуарлар", "Авто", "Медицина" және "Азық-түлік" санаттары ішінен біреуін таңдап, 1% бонус, ойын-сауық санаты үшін 30% бонус алуға болады. 

Еуразиялық банкте де ай сайын берілетін бонустардың лимиті бар. Мәселен, Visa Gold|Mc World|Visa Platinum|MC Platinum үшін айына 30 000 теңгеден аспайды. Visa Signature|Visa Infinite|MC Black Edition |Mc World Elite карталары үшін бонус айына 50 000 теңгеден аспайды екен. 

Bereke Bank

Bereke Bank-те барлық сатып алулар үшін 3% кешбэк қайтарады. Ал такси мен жанармай құю станцияларында 10%, кино сервистері үшін 30% кешбэк береді. Жоғарылатылған бонустар алу үшін B-Bank қосымшасында жоғары бонустарды қосу қажет. 

Банк ұсынатын кешбэктің максималды сомасы төленген қаржының 30%-нан аспайды. 

Bank RBK

RBK банкінде бонус есептеуге арналған SARQYT бағдарламасы жұмыс істейді. Шартқа сәйкес банк картасын аталған бағдарламаға қосқан соң барлық сатып алулар үшін 5% бонус беріледі. Ал Infinite карталары үшін бонус көлемі – 7%. Сонымен қатар ай соңында картада қалған ақша үшін 4% бонус алуға болады. Дегенмен қалдық сомасы 75 мың теңгеден көп болуы керек. Егер клиент Infinite картасын ұстаса, шотта қалған ақша үшін 6% бонус алады, бірақ қалдық сомасы 500 мың теңгеден асуы қажет. 

Балаларға арналған RBK Mini картасында кинотеатрлар санаты бойынша 7%, фастфуд үшін 7%, аттракциондар паркі, карнавал мен цирктегі төлем үшін 7%, ойыншықтар немесе хобби-тауарлар сатып алғанда 7%, ал такси қызметін қолданғанда 10% бонус алуға болады. 

Ал банк белсенді өмір салтын ұстанатындар үшін спорт карталарды ұсынады. Аталған картамен спорт киімін сатып алғанда, фитнес-клубтар, спорт тауарлары, велодүкендер мен сұлулық және денсаулық салондарында 5% кешбэк төлеу қарастырылған. 

Айта кетері, кешбэктер ай соңында бір рет аударылады. 

Halyk Bank 

Еліміздегі ірі қаржы институтында клиенттерге арналған бірнеше бонустар ұсынады. Мәселен, Halyk Club  серіктестер желісінде сауда жасағаны үшін берілетін бонустар 1%-дан 20%-ға жетеді. Ал серіктестердегі акция мен арнайы бағдарлама бойынша бонустар 2%-дан 10%-ға дейін. Акциялар жайлы қосымша ақпарат банктің сайтында жарияланып отырады. 

Егер Halyk QR арқылы немесе Halyk Bank-тің POS-терминалымен төлем жасаса, клиентке 5% кешбэк қайтарылады. Дегенмен бір айда Halyk QR немесе POS-терминалы арқылы берілетін кешбэк көлемі 20 000 бонустан аспайды.

Бұдан бөлек Halyk қосымшасында жасалған төлемдердің басым бөлігі үшін 1% бонус есептеледі.

Home Credit Bank

Home Credit Bank-те кешбэктер Home Card Lite және Home Card дебеттік карталары бойынша ұсынылады. Home Card Lite картасы арқылы жанармай құю бекетінде, супермаркетте сауда жасап, коммуналдық қызметті төлегені үшін 5% бонус беріледі. Дегенмен карта ашылған соң алғашқы 90 күн бонустар көлемі 10% болады, бұдан кейін кешбэк мөлшері екі есеге қысқарады. 

Сонымен қатар қосымша санатты таңдап, 10% көлемінде жоғарылатылған бонус алуға болады. Категориялар қатарында спорт тауарлары, косметика дүкені мен ойын-сауық және т.б. бар. Ай сайын категориялар дауыс беру арқылы өзгеріп отырады. 

Ал Яндекс сервисінің қызметтері үшін алғашқы 90 күн 10% кешбэк есептеледі (бұл акция картаны 30.11.2023 дейін ашқан жаңа клиенттерге арналған). 

Home Card картасы бойынша барлық сатып алуларға 1% бонус есептеледі. Егер сатып алу кезінде картада кемі 100 мың теңге қалса, кешбэк 2% болады. Сондай-ақ клиенттің 500 мың теңгеден басталатын депозиті болса, тағы 2% бонус беріледі. Бонустар бойынша шектеу – айына 15 000 теңге. 

Kaspi Bank

Банк серіктестер дүкенінде сауда жасап, карта немесе Kaspi QR арқылы төлем жасағаны үшін 0,25% кешбэк қайтарады. Ал акция кезінде кешбэктер көлемі 10%-ға дейін өседі. Дегенмен Kaspi қосымшасы арқылы төлем жасағаны үшін клиенттерге бонустар берілмейді. 

Кешбэктер бойынша акциялар тізімін мобильді қосымшада көруге болады. 

Талқылау