Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Тоқаев бірқатар жаңа заңға қол қойды

Тоқаев қол қою сәті
Фото: akorda.kz

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірнеше жаңа заңға қол қойды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Мемлект басшысы ”Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне Қазақстан Республикасы арнаулы мемлекеттік органдарының қызметі мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойған. 

Бұған дейін хабарланғандай, құжат арнаулы мемлекеттік органдардағы қызмет өткеру саласындағы заңнаманы одан әрі жетілдіру мақсатында әзірленген. Өзгерістер қызметке қабылдау, қызмет өткеру және қызметті тоқтату ережелеріне қатысты болды. Маңызды бөлігі – қызметкерлердің әлеуметтік қорғалуын күшейту және еңбек жағдайларын жақсарту шаралары, бұл болашақта ведомстволар жұмысының жалпы тиімділігін арттыруға тиіс.

Сонымен қатар президент ”Еуразиялық экономикалық одақ пен үшінші тараптың (үшінші тараптардың) кедендік транзитінің бірыңғай жүйесі туралы келісімді ратификациялау туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды.

Құжатты іске асыру Қазақстан аумағы арқылы жүк ағынын арттыруға, көлік бағыттарын дамытуға және елдің транзиттік хаб ретінде бәсекеге қабілеттілігін күшейтуге бағытталған.

Оған қоса ”Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Оман Сұлтандығының Үкіметі арасындағы табыс пен капиталға салынатын салықтарға қатысты қосарланған салық салуды болдырмау және салық салудан жалтаруға жол бермеу туралы келісімді және оған Хаттаманы ратификациялау туралы” Қазақстан Республикасының Заңына қол қойылды.

Еске салсақ, осыған дейін президент жұмыс берушілер қызметкерлерге скринингтен өту үшін уақыт беруге міндеттейтін заңға қол қойған еді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 20:18