Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Orda мен Ninety One топтарына ән жазған композитор Сержан Бақытжанұлы өмірден озды

Сержан Бақытжанұлы
Фото: instagram.com/bakytzhan_serzhan

Отандық музыка өнері орны толмас қазаға ұшырады. Orda және Ninety One топтарының репертуарындағы бірқатар танымал әннің авторы Сержан Бақытжанұлы өмірден озды. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Қаралы хабарды оның жақын досы, әнші Дастан Оразбеков әлеуметтік желідегі парақшасында жеткізді.

Ол Сержан Бақытжанұлын жақын досы, сырласы, әріптесі және өнер жолындағы сенімді серігі ретінде еске алып, оның шығармашылығы қазақ эстрадасында мәңгілік із қалдыратынын айтты.

Дастар Оразбековтың айтуынша, Сержан Бақытжанұлының қаламынан туған “Орда” тобының “Қиын заман”, “Ғашықсың ба?”, “Жауап бер”, “Тағдыр” әндері, “91” тобына арналған шығармалары, сондай-ақ өзінің орындауындағы “Көк аспан” әні халықтың жүрегінен орын алып, ел арасында кеңінен танылған.

Әнші марқұмның адамгершілік қасиеттеріне де ерекше тоқталды.

“Сенің жомарттығың, кеңдігің, тереңдігің мені әрдайым таңғалдыратын. Сенімен сырласу, пікірлесу мен үшін үлкен бақыт әрі мақтаныш еді. Әр кездесуден кейін көңілім марқайып қайтатын. Өкінішке қарай, енді ондай күндер қайтып келмейді”, – деп жазды ол.

Жазба соңында Дастар Оразбеков марқұмның жаны жәннатта болып, артында қалған отбасы мен жақындарына сабыр тіледі.

Балнұр Рахматуллақызы
Сейсенбі, 28 Шілде, 2026 12:21
Талқылау