Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Семейде мұғалімді "ішімдікке салынған" деген директор мен оның орынбасары сотқа тартылды

Фото: Pixabay.com

Семейде мұғалімді “ішімдікке салынған” дегені үшін директор мен оның орынбасары кешірім сұрады. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Семей қаласының азаматтық істер жөніндегі ауданаралық сотында бастауыш сынып мұғалімі К-ның ар-намысын, қадір-қасиетін және іскерлік беделін қорғау, сондай-ақ моральдық зиянды өтеу туралы азаматтық іс қаралды.

Сотқа жүгінуге мектеп директорына жолданған дауыстық хабарламада, кейін мектеп ұжымының қатысуымен өткен кездесуде таратылған мәліметтер негіз болды. Жауапкер К-ның алкогольдік ішімдіктерді үнемі тұтынатынын, жұмысқа алкоголь иісімен келетінін және "түстен кейін ішімдікке салынып кететінін" мәлімдеген.

К таратылған мәліметтерді шындыққа сәйкес келмейді деп тануды, жауапкерді оларды теріске шығаруға, кешірім сұрауға және моральдық зиян үшін өтемақы өндіруге міндеттеуді сұрады.

“Сот жауапкердің таратылған мәліметтердің шындыққа сәйкес келетінін растайтын дәлелдемелерді ұсынбағаны туралы қорытындыға келді. Сот психологиялық-филологиялық сараптамасының қорытындысын ескере отырып, сот ар-намыс, қадір-қасиет және іскерлік беделді қорғауға қажетті барлық шарттың бар екенін анықтады. Мәліметтер үшінші тұлғаларға таратылған, олар талап қоюшының беделіне нұқсан келтіретін сипатта болған және шындыққа сәйкес келмейді”, – делінген хабарламада.

Сот жауапкерге мектеп директоры мен оқу-тәрбие жұмысы жөніндегі директордың орынбасарын К-дан кешірім сұрап, таратылған мәліметтерді теріске шығаруды міндеттеді. Сот моральдық зиянды өтеу туралы талапты ішінара қанағаттандырды және шығындарын өндіріп берді.

Сот шешімі заңды күшіне енген жоқ.

Қырмызы Скендір
Сейсенбі, 28 Шілде, 2026 12:01
Талқылау