Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Қазақстанда некеге тұратындар саны рекордтық деңгейде азайып, ажырасатындар көбейді

отбасын құрып жатқан әйел мен еркек
Фото: depositphotos.com

Қазақстанда некеге тұратындар саны соңғы 20 жылмен салыстырғанда рекордтық деңгейде азайды. Ал ажырасулар саны соңғы жеті жылдағы ең жоғары деңгейге жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

2026 жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша елде 21,6 мың неке тіркелген — бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 3,9%-ға аз. 

Мәселен 2021 жылдың бірінші тоқсанында неке саны 32,3 мыңға жетіп, 2014 жылдан бергі ең жоғары көрсеткіш болған. Содан бері некеге тұру саны жалпы алғанда төмендеп келеді. Қазіргі көрсеткіш — соңғы 20 жылдағы ең төмен деңгей.

Ажырасулар саны да артып келеді. 2026 жылдың қаңтар–наурыз айларында олардың саны 11,2 мыңға жетті, бұл өткен жылы 10,2 мың болған. Бұл соңғы жеті жылдағы ең жоғары көрсеткіш.

Бұрынғыдай, Қазақстандағы некелер мен ажырасулардың негізгі бөлігі қала халқының үлесіне тиесілі. 2026 жылдың бірінші тоқсанында қалаларда 14,5 мың неке, ал ауылдық жерлерде 7,1 мың неке тіркелген. Дегенмен некелер санының қысқаруы қалада да, ауылда да байқалады. Бір жыл ішінде қаладағы неке саны 1,4%, ал ауылдық жерлерде 8,8% азайған.

Ажырасулардың басым көпшілігі де қалада тіркеледі. Биылғы қаңтар–наурыз айларында ажырасулардың 8,4 мыңы қалаларға, 2,8 мыңы ауылдық жерлерге тиесілі. Сонымен қатар ажырасу көрсеткіші қалада да, ауылда да өскен. Қалада 10,5%, ауылда 7,7%артқан.

Аймақтық бөліністе 2026 жылдың бірінші тоқсанында ең көп неке Алматы қаласы мен Түркістан облысында (әрқайсысы 2,3 мың), сондай-ақ Астанада (2,1 мың) тіркелген. Ең төмен көрсеткіш Ұлытау (241 неке), Солтүстік Қазақстан (531) және Батыс Қазақстан (562) облыстарында байқалған. Жалпы ел бойынша төмендеу үрдісіне қарамастан, кейбір өңірлерде — Қарағанды және Ұлытау облыстарында, сондай-ақ Астана, Алматы және Шымкент қалаларында некелер саны артқан.

Ажырасу саны бойынша "антилидерлер" қатарында Алматы (1,2 мың), Астана (1,1 мың) және Қарағанды облысы (848) тұр. Ең аз ажырасу Ұлытау (165), Батыс Қазақстан (348) және Абай (379) облыстарында тіркелген. Ажырасулар саны елдің көпшілік өңірінде өскен. Ерекшелік ретінде Батыс Қазақстан, Жамбыл, Қарағанды, Павлодар және Шығыс Қазақстан облыстары, сондай-ақ Шымкент қаласы аталады, мұнда көрсеткіштер төмендеген немесе айтарлықтай өзгермеген.

Некелер санының азаюы мен ажырасулар санының артуы демографиялық коэффициенттерге де әсер етуде. Қазақстанда некелесу коэффициенті 2021 жылдың бірінші тоқсанындағы 1 мың адамға шаққанда 6,9-дан 2026 жылдың бірінші тоқсанында 4,25-ке дейін төмендеді. Ал ажырасу коэффициенті осы кезеңде екі еседен астам өсіп, 1 мың адамға шаққанда 0,98-ден 2,2-ге жетті. Осылайша, екі көрсеткіш арасындағы алшақтық біртіндеп қысқарып келеді.

Ажырасу коэффициенті бойынша ең жоғары көрсеткіштер Қостанай (1 мың адамға 3,25), Ұлытау (3,07) және Қарағанды (3,04) облыстарында байқалған, ал ең төмен мәндер Түркістан (1,09) және Алматы (1,55) облыстарында, сондай-ақ Шымкентте (1,67) тіркелген.

Жалпы алғанда, Қазақстан статистикасы некелер санының тұрақты түрде азайып, ажырасулар санының қатар өсіп отырғанын көрсетеді. Соның нәтижесінде некелесу коэффициенті біртіндеп төмендеп, ажырасу коэффициенті артып келеді. Бұл үрдіс отбасылық-некелік қатынастардағы өзгерістердің жалғасып жатқанын көрсетеді және ол тек абсолюттік көрсеткіштерде ғана емес, халық санына шаққандағы есепте де айқын байқалады.

Еске салсақ, осыған дейін Қазақстанда неке ең көп тіркелетін қала анықталғанын жазғанбыз. Неке қию саны бойынша Алматы көш бастап тұр. 2026 жылдың басынан бері қалада 4 600 жаңа отбасы құрылған. Статистикаға сүйенсек, Алматыда күн сайын шамамен 70 жұп некеге тұрады. Орта есеппен әйелдер 29 жасында тұрмысқа шықса, ерлер 32 жасында үйленеді.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 18:33