Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Конституциялық сот ұлттық компаниялардың қызметкерлерін пара алғаны үшін жұмыстан шығаруға тыйым салды

конституциялық сот залы
Фото: akorda.kz

Жемқорлық үшін жұмыстан шығарылған қазақстандық Конституциялық сотқа жүгініп, жеңіске жетті. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды. 

Конституциялық cот азаматтың өтініш бойынша Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағы 2-тармақшасының Конституцияның 24-бабының 1-тармағына сәйкестігін тексерді. Нормаға сәйкес квазимемлекеттік сектор жұмыскері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған жағдайда, жұмыскермен еңбек шарты жұмыс берушінің бастамасымен бұзылуға тиіс.

Өтініштің мән-жайы

Азамат сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін (пара беруде) кінәлі деп танылып, оған мемлекеттік ұйымдарда және квазимемлекеттік сектор субъектілерінде лауазым атқару құқығынан өмір бойына айыру түрінде қосымша жаза тағайындалуына байланысты оны жұмыс беруші жұмыстан шығарған.

Өтініш субъектісі электровоз машинисі болып жұмыс істеп, қазіргі уақытта мамандығы бойынша еңбек жолын жалғастыру мүмкіндігінен айырылып отырғандықтан, дау айтылып отырған норма өзінің еңбек ету бостандығына конституциялық құқығын бұзады деп ойлайды.

Конституциялық cоттың ұстанымы

Конституциялық cот бұл норманы қолданыстағы басқа да заң нормаларымен өзара байланыста қолдану қажет деп көрсетті. Мәселен, Еңбек кодексінің 26-бабы 2-тармағының 2-тармақшасында сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған адамдардың квазимемлекеттік сектор субъектілеріне жұмысқа орналасуына шектеу белгіленген.

Қылмыстық кодексте сыбайлас жемқорлық қылмыс субъектілеріне мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдар жатқызылған.

“Осы адамдардың құқықтарын шектеудің айқындаушы өлшемшарты – олардың қызметінің функционалдық сипаты. Демек, дау айтылып отырған норманы квазимемлекеттік сектор жұмыскерлерінің функционалдық мәртебесін ескермей,  олардың барлығына қолдану еңбек ету құқығын шектеу аясын  шамадан тыс кеңейтуге алып келеді”, – делінген Конституциялық соттың хабарламасында.

Конституциялық сот қандай қорытындыға келді?

Тексеру қорытындысы бойынша Конституциялық сот Еңбек кодексінің 52-бабы 1-1-тармағының 2-тармақшасын Қылмыстық кодекстің және "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы" Заңның нормаларымен өзара байланыста мынадай түсіндірмеде Конституцияға сәйкес келеді деп таныды.

“Квазимемлекеттік сектор субъектісінің жұмыскері сыбайлас жемқорлық қылмыс жасағаны үшін жұмыс берушінің бастамасымен еңбек шартын міндетті түрде бұзу мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адамдарға қатысты ғана қолданылады”, – деп мәлімдеді соттың баспасөз қызметі.

Үкіметке Конституциялық соттың қабылданған қорытынды шешімін ескере отырып, заңнаманы жетілдіру мәселесін қарау ұсынылды.

Еске салсақ, Қазақстанда енді пара уәде еткендер мен ұсынғандар да қылмыстық жауапкершілікке тартылатынын жазғанбыз.

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 19:04