Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Конституциялық сот ҰҚК-ның Қазақстандағы байланыс пен интернетті бұғаттауын заңды деп тапты

Ноутбук
Фото: istockphoto.com

Қазақстанның конституциялық соты қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында интернет пен байланысты уақытша бұғаттауға мүмкіндік беретін “Байланыс туралы” заң нормасын Конституцияға қайшы келмейді деп тапты. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.

Бұл мәселенің конституциялық сотта қаралуына қазақстандықтың шағымы негіз болған. Бұған дейін ол аталған норманың қолданылуына соттарға шағымданғанымен, нәтижеге қол жеткізе алмаған. 

Конституциялық соттың мәліметінше, азамат “Байланыс туралы” заңның 41-1-бабының 1-2-тармағы өзінің сөз бостандығына, ақпаратты алу және тарату құқығына, сондай-ақ сот арқылы қорғалу құқығына нұқсан келтіреді деп есептеген.

Бұл нормаға сәйкес, кейінге қалдыруға болмайтын жағдайларда Ұлттық қауіпсіздік комитетінің (ҰҚК) басшылығы байланыс желілері мен байланыс құралдарының жұмысын бұғаттап, сондай-ақ интернет-ресурстарға немесе оларда орналастырылған ақпаратқа қолжетімділікті уақытша тоқтата алады.

Мұндай шаралар жағдайдың ауыр немесе аса ауыр қылмыстардың жасалуына әкеп соғу қаупі болған кезде не қылмыстық топ дайындап жатқан немесе жасап жатқан қылмыстармен байланысты болған жағдайда қолданылуы мүмкін. Шектеу енгізілгеннен кейін байланыс, бұқаралық ақпарат құралдары салаларындағы уәкілетті органдар мен Бас прокуратура бұл туралы 24 сағат ішінде хабардар етілуі тиіс.

Конституциялық сот арызды қарау барысында бұл нормада ақпаратқа қолжетімділікті негізсіз шектеу белгілерін көрмеген. Соттың мәліметінше, мұндай шаралар тек құқыққа қайшы әрекеттердің алдын алу немесе олардың жолын кесу мақсатында және уақытша негізде ғана қолданылуы тиіс.

Сонымен қатар конституциялық сот аталған норманы нақтылау қажеттігін атап өтті.

“Конституциялық Сот дау айтылып отырған норма баға беруші ұғымдарды нақтылауды, онда көрсетілген шараларды қолданудың ақылға қонымды уақыт шегін, шектеу өлшемшарттарын жария және жеке мүдделер теңгерімін бұзбай белгілеуді талап ететінін атап өтеді. Осыған байланысты Үкіметке заңнаманы жетілдіру туралы мәселені қарау ұсынылды”, – делінген хабарламада.

Еске салсақ, бұған дейін қазақстандықтар шетелден әкелінген телефондардың жаппай бұғатталуына шағымданғаны туралы жазған едік. 

Дана Русланқызы
Сәрсенбі, 10 Маусым, 2026 22:05