Соңғы жаңалықтар
Соңғы жаңалықтар

Көп босану ағзаға қалай әсер етеді: Мамандар көпбалалы ана болудың салдарын түсіндірді

әйел
Фото: ChatGpt арқылы жасалды

Көпшілік арасында “көп босану әйелдің денсаулығын әлсіретеді”, “екінші немесе үшінші баланы босану алғашқысына қарағанда қиын” деген пікір жиі айтылады. Бұл қаншалықты рас? Осыған орай Stan.kz мамандардан мән-жайды сұрап көрді. 

Желіде dalida.naukenova есімді қолданушы Instagram парақшасында видео жариялады. Ол осы кадрмен әр босану кезеңінде өзінің қандай күйде болғанын көрсеткен.

“Соңғы босанған сәтім өмірімдегі ең ауыры болды. Көп қан жоғалттым, денем ісініп кетті, басым қатты ауырды. “Әйел қанша көп бала туса, әр келесі босануы соғұрлым жеңіл болады” деген мифті кім шығарғанын білмеймін. Керісінше, ағза шаршайды, әр босанған сайын қалпына келуі қиындай түседі”, – деп жазды ол. 

Аталған жағдайға қатысты Stan.kz тілшісі акушер-гинеколог Сабира Күлшімбаевадан мән-жайды сұрады. 

“Бірнеше жүктіліктен соң әйел ағзасында өзгерістер болады”

Акушер-гинеколог Сабира Күлшімбаеваның айтуынша, жүктілік пен босану – әйел ағзасынан мол күш-қуат пен ресурсты талап ететін күрделі физиологиялық процесс. 

“Әр босанудан кейін ағза қалпына келеді. Алайда оның қаншалықты тез әрі толық қалпына келуі әйелдің жасына, денсаулық жағдайына, жүктіліктің қалай өткеніне, асқынулардың болуына және босанғаннан кейінгі күтіміне байланысты. Көп рет босану өз алдына ауру саналмайды және әйелдің денсаулығы міндетті түрде нашарлайды дегенді білдірмейді. Ең бастысы дүниеге келген балалардың саны емес, әйелдің әр жүктілікке қандай денсаулық жағдайымен келгені маңызды”, – дейді акушер-гинеколог.

Маманның сөзінше, әр жүктілік сайын жүрек-қан тамырлары жүйесіне, тірек-қимыл аппаратына және жамбас түбі бұлшықеттеріне түсетін жүктеме артып, гормон өзгерістері жүреді.

Дәрігердің айтуынша, әр жүктілік – жеке жағдай. Сондықтан төртінші босану міндетті түрде алғашқы босанудан ауыр өтеді деуге болмайды. Алайда бірнеше жүктіліктен кейін әйел ағзасында белгілі бір өзгерістер болуы мүмкін.

“Бірнеше жүктіліктен кейін жамбас түбі бұлшықеттері әлсіреп, қан аздық, дәрумендер мен микроэлементтердің тапшылығы, буындарды ұстап тұратын байламдардың әлсіреуі немесе варикоз сияқты мәселелер жиі кездесуі ықтимал.Оған қоса төртінші жүктілік кезінде әйелдің жасы да ұлғаяды. Сондықтан бастысы – босану саны емес, әйелдің жалпы денсаулығы”, – дейді Сабира Күлшімбаева.

Сонымен қатар дәрігер қазіргі медицинада әйелдің нақты қанша рет босануы керек екенін белгілейтін бірыңғай талап жоқ екенін айтты.

“Бір әйел үшін бірнеше жүктілік қауіпсіз өтсе, екінші әйелдің денсаулығына байланысты жүктіліктің саны шектелуі мүмкін. Сондықтан шешім әр адамға жеке қабылданады. Мұнда әйелдің жасы, созылмалы аурулары, жатырдың жағдайы және алдыңғы жүктіліктердің қалай өткені ескеріледі”, – дейді дәрігер.

Сабира Күлшімбаева ағза толық қалпына келу үшін жүктілік арасы қанша уақыт болу керегін мәлімдеді. Дәрігердің сөзінше, орта есеппен босанулардың арасы 18–24 ай болғаны дұрыс.

“Әсіресе кесарь тілігінен кейін, ауыр босану немесе қаназдық сияқты асқынулар болса, ағзаға толық қалпына келуге жеткілікті уақыт қажет”, – дейді маман.

Дәрігердің сөзінше, 35 жастан кейін кейбір жүктілік асқынуларының қаупі артады.

“Бұл жаста артериялық қысымның жоғарылауы, гестациялық қант диабеті және ұрықтағы хромосомалық ауытқулардың қаупі көбірек болуы мүмкін. Бірақ жас – диагноз емес. Қазір көптеген әйел 35–40 жастан кейін де дені сау бала дүниеге әкеліп жүр”, – дейді ол.

Бірнеше рет босану ағзаға қалай әсер етеді?

Маманның айтуынша, бірнеше рет босану жамбас түбі бұлшықеттеріне, омыртқаға және гормон жүйесіне әсер етуі ықтимал.

“Кейбір әйелдерде іштің төменгі бөлігінде ауырлық сезімі, несепті ұстай алмау немесе бұлшықет тонусының төмендеуі байқалады. Сонымен қатар жүктілік омыртқаға, арқа бұлшықеттеріне және буындарды ұстап тұратын байламдарға қосымша күш түсіреді. Ал гормон жүйеcі, әсіресе бала емізу кезеңінде, елеулі өзгерістерге ұшырайды. Соған қарамастан әйел ағзасының қалпына келу мүмкіндігі өте жоғары”, – дейді Сабира Күлшімбаева.

Дәрігер жүктілік кезінде ағзаның қоректік заттарға деген қажеттігі артатынын айтты.

“Темір плацентаның қалыптасуына және ана мен баланы оттегімен қамтамасыз етуге жұмсалады. Сондықтан босанған соң қаназдық жиі кездеседі. Кальций, D дәрумені, ақуыз және басқа микроэлементтер де өте маңызды. Бірақ жүктілік әйелдің денсаулығын “алып қояды” деу дұрыс емес. Егер дұрыс тамақтанып, қажет дәрумендер мен минералдардың тапшылығы уақытында толықтырылса, денсаулықты сақтауға болады”, – дейді ол.

Оған қоса дәрігер бірнеше рет босанған әйелдердің ағзасында қандай бұзылулар болатынын жеткізді.

“Бірнеше рет босанған әйел ағзасында қаназдық, темір тапшылығы, варикоз, жамбас түбі бұлшықеттерінің әлсіреуі, арқа мен буындардың ауыруы, зат алмасудың бұзылуы және созылмалы аурулардың асқынуы жиі байқалуы мүмкін. Алайда бұл барлық әйелде міндетті түрде кездеседі деген сөз емес. Алдын алу шараларының маңызы өте зор”, – дейді ол.

Сонымен қатар акушер-гинеколог босанған соң әйелдер міндетті түрде өз денсаулығына көңіл бөліп, бірқатар медициналық тексеруден өтуі қажет екенін айтты. Дәрігердің сөзінше, әйел дүниеге сәби әкелген соң мына тексерулерден өтуге тиіс: 

  • акушер-гинекологтың қарауы;
  • жатырдың қалпына келуі мен кіші жамбас ағзаларының жағдайын бағалау;
  • жалпы қан талдауын тапсыру, қажет болған жағдайда темір мен ферритин деңгейін анықтау;
  • көрсетілім бойынша D дәрумені мен басқа да көрсеткіштерді тексеру;
  • жамбас түбі бұлшықеттерінің жағдайын бағалау;
  • артериялық қан қысымын бақылау;
  • жасына және жеке қауіп факторларына сәйкес профилактикалық тексерулерден өту.

Маманның айтуынша, сәби дүниеге келген соң әйел бала күтіміне ғана емес, өзінің де денсаулығына уақыт бөлуі керек.

Сөз соңында Сабира Күлшімбаева көпбалалы аналарға мынадай кеңес берді:

  • профилактикалық тексерулерден тұрақты өтіп тұрыңыз;
  • ағзадағы дәрумендер мен микроэлементтердің тапшылығын толықтырыңыз;
  • мүмкіндігінше дұрыс тамақтанып, жеткілікті демалыңыз;
  • жамбас түбі бұлшықеттерін күшейтетін жаттығулар жасаңыз;
  • дене белсенділігін сақтаңыз;
  • қандай да бір мазалайтын белгілер пайда болса, міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.

Сабира Күлшімбаеваның сөзінше, көпбалалы ана – физикалық әрі эмоциялық жүктемесі жоғары әйел. Сондықтан олардың денсаулығына ерекше көңіл бөлініп, уақытылы медициналық көмек пен қолдау көрсетілуі маңызды дейді.

Көп босанған әйелдер неге жоғары қауіп тобына жатады?

Ана мен бала ғылыми орталығының жоғарғы санатты акушер-гинеколог дәрігері Сәуле Жалғасбаеваның айтуынша, көп рет босанған әйелдер акушерлікте жоғары қауіп тобына жатады. Оларға жүктілік пен босану кезінде ерекше медициналық бақылау керек дейді дәрігер.

“Әр жүктілік әйел ағзасына белгілі бір жүктеме түсіреді. Ең алдымен жүрек-қан тамырлары жүйесіне, бүйрекке, эндокрин жүйесіне, көктамырларға және омыртқаға салмақ артады. Жүктілік жиілеген сайын бұл өзгерістер жинақталып, түрлі асқынулардың даму қаупі жоғарылайды. Сондықтан көп босанған әйелдерді жоғары қауіп тобына жатқызамыз”, – деді дәрігер.

Дәрігердің сөзінше, көп босанған әйелдерде босанғаннан кейін қан кету қаупі артады. Себебі жиі босану жатыр бұлшықетінің жиырылу қабілетін әлсіретеді. Сонымен қатар бала жолдасының орналасуы мен ажырауына байланысты асқынулардың қаупі де жоғары болады.

“Көп босанған әйелдердің басым бөлігінде созылмалы қаназдық кездеседі. Өйткені ағза әр жүктіліктен кейін толық қалпына келіп үлгермейді. Көп босанған әйелдерде темір, фолий қышқылы, В12 дәрумені сияқты маңызды қорлар азаяды. Соның салдарынан түрлі анемия дамиды. Сонымен бірге аяқтағы және жыныс мүшелеріндегі варикоз, жамбас бұлшықеттерінің әлсіреуі, несепті ұстай алмау, жамбас ағзаларының төмен түсуі, артық салмақ пен қант диабетінің даму қаупі артады”, – деді акушер-гинеколог.

Неліктен төртінші босану бірінші босануға қарағанда ауыр болуы мүмкін?

Дәрігердің айтуынша, төртінші немесе одан кейінгі босанудың ауыр өтуіне көбіне ананың жасы мен денсаулық жағдайы әсер етеді. Оған қоса дәрігер бұрын жасалған кесарь тілігі немесе жатырға жасалған операциялар келесі босануға әсер ететінін айтты.

“Алайда бұл әрбір көп босанған әйелде міндетті түрде болады деген сөз емес. Мұнда ең маңыздысы – жүктіліктер арасындағы уақыттың сақталуы, ағзаның толық қалпына келуі және әйелдің жалпы денсаулығы. Сондықтан жүктіліктің саны емес, ананың денсаулығы маңыздырақ”, – деді Сәуле Жалғасбаева.

Дәрігерлер әйелге қанша рет босануға рұқсат береді?

Маманның айтуынша, медицинада әйелдің қанша рет босана алатынын белгілейтін нақты шектеу жоқ.

“Әр әйел үшін әртүрлі. Шешім ананың жасына, жалпы денсаулығына, бұрынғы жүктіліктері мен босануларының қалай өткеніне, созылмалы ауруларының болуына, жатырда тыртықтың бар-жоғына және басқа да көп факторларға байланысты қабылданады”, – деді дәрігер.

Сәуле Жалғасбаеваның айтуынша, клиникалық хаттамаларға сәйкес келесі жүктілікті кемінде екі жылдан кейін жоспарлаған дұрыс.

“Екі жыл ішінде жатыр толық қалпына келеді. Егер әйелге кесарь тілігі жасалған болса, осы уақыт аралығында жатырдағы тыртық та толық жазылады. Сонымен қатар ағзадағы темір, дәрумендер мен басқа да микроэлементтердің қоры қалпына келеді. Бұл келесі жүктіліктің қауіпсіз өтуіне мүмкіндік береді”, – деді ол.

Дәрігердің сөзінше, жоспарланған жүктіліктен шамамен алты ай бұрын ерлі-зайыпты жүктілікке дайындықты бастауы қажет.

“Осы кезеңде толық тексеруден өтіп, темір мен дәрумен тапшылығын толықтырып, созылмалы ауруларды ремиссияға жеткізу маңызды. Сонда ғана ағза келесі жүктілікке дайын болады”, – деді акушер-гинеколог.

Дәрігердің айтуынша, 35 жастан кейін жүктілік кезінде бірқатар қауіп артады.

“35 жастан асқан әйелдерде қант диабеті, артериялық гипертензия, преэклампсия, мерзімінен бұрын босану және кесарь тілігі арқылы босану қаупі жоғарылайды. Сонымен қатар ұрықтағы хромосомалық ауытқулардың даму ықтималдығы да артады. Ал 40 жастан кейін бұл қауіптер одан әрі күшейеді”, – деді Сәуле Жалғасбаева.

Осыған байланысты дәрігер 35 жастан асқан әйелдерге жүктілікті алдын ала жоспарлап, ерте мерзімде есепке тұруға және дәрігердің тұрақты бақылауында болуға кеңес береді.

Сәуле Жалғасбаеваның айтуынша, босанған соң әр әйел міндетті түрде акушер-гинекологтың бақылауына барып, ағзаның қалпына келуіне көңіл бөлуі керек.

“Босанған соң темір, дәрумендер және басқа да микроэлементтердің тапшылығын толықтыру маңызды. Сонымен қатар жыл сайын профилактикалық тексеруден өтіп, келесі жүктілікті міндетті түрде жоспарлау қажет. Жүктіліктер арасындағы екі жылдық аралық ағзаның толық қалпына келуі үшін өте маңызды”, – деді дәрігер.

Ол ең бастысы босанудың саны емес, ана мен баланың денсаулығы екенін айтты. 

“Әрбір жүктілік дәрігердің бақылауымен жоспарлануы керек. Ең маңыздысы қанша бала дүниеге әкелгеніңіз емес, ана мен баланың денсаулығы. Ағза толық қалпына келген соң ғана келесі жүктілікті жоспарлаған дұрыс. Сонда ғана дені сау ана мен дені сау бала қағидасына қол жеткіземіз”, – деді Сәуле Жалғасбаева.

Бұрындары әйелдер жүктіліктен қалай қорғанған?

Босану мәселесі тек медицинамен шектелмейді. Қазақ қоғамында көпбалалы ана болу ежелден құрметтің белгісі саналған. Алайда бүгінде “қазақ әйелдері бұрын контрацепция болмағандықтан ғана көп босанған” деген пікір жиі айтылады. Бұл қаншалықты шындыққа жанасады? Сауалға этнограф Зубайда Сұрғанова жауап берді. Оның сөзінше, дәстүрлі қазақ қоғамында әйелдердің көпбалалы болуы контрацепцияның жоқтығымен байланысты емес.

“Тууды белгілі бір деңгейде реттеудің өз жолдары болған. Әйелдер тәжірибесі арқылы ағзасының ерекшеліктерін зерттеген. Мәселен, етеккір циклін бақылаған, овуляция кезеңдерін шамамен анықтай алған. Ал келіннің аяғы ауыр екенін байқаған енесі оны мүмкіндігінше ауыр дене еңбегінен қорғауға тырысқан. Тіпті құрсақтағы сәбиді аман сақтау үшін түрлі ырым-жоралғылар жасап, бәле-жаладан сақтайтын ғұрыптарды да қолданған”, – дейді этнограф.

Этнографтың айтуынша, дәстүрлі қоғамда әйелдің әулеттегі дәрежесі бала сүю қабілетімен бағаланған. Әсіресе көп ұл тәрбиелеген әйелдердің мәртебесі жоғары болған.

“Төрт және одан да көп ұл тәрбиелеген аналарды "алтын құрсақ" деп атаған. Қоғамда және отбасында көпбалалы анаға деген құрмет ерекше болған. Көшпелі өмір салты өте ауыр болғандықтан, көпбалалы аналар сирек кездескен”, – дейді Зубайда Сұрғанова. 

Зубайда Сұрғанованың айтуынша, қазақ қоғамында көпбалалы отбасы рудың күші мен қуатының белгісі болған.

“Үлкен әулеттің экономикалық әрі әлеуметтік мүмкіндігі жоғары болды. Еңбек ететін адам да, ел қорғайтын азамат та көп еді. Сонымен қатар жақсы жайылымдар мен қыстауларға ие болып, қарсыласына төтеп беруге қабілетті саналатын”, – дейді ол.

Этнографтың сөзінше, әйелдің қоғамдағы беделі де аман-есен өсіп келе жатқан балаларының санына байланысты болған. Сондықтан бала туу отбасының бақыты ғана емес, әйелдің өз орнын нығайтудың маңызды жолы ретінде қабылданған дейді этнограф. 

Этнограф әйелдер көп баланы ер адамдардың қалауымен дүниеге әкелді деген пікірмен келіспейтінін айтты.

“90%-дан астам әйел өзі бала сүюге мүдделі болған. Өйткені бұл олардың отбасындағы орнын нығайтатын еді. Ал жесір қалған әйелдің қоғамдағы орны көбіне есейген ұлдарының бар-жоғына байланысты болған. Егер ұлы анасын қорғап, құрметтесе әйелдің қоғамдағы және әулеттегі орны әлдеқайда берік болған. Сондықтан бала әйел үшін әлеуметтік тірек саналған”, – дейді этнограф.

Бедеулікке көзқарас қандай болды?

Этнографтың айтуынша, дәстүрлі қоғамда бедеу әйелдер кемсітушілікке ұшыраған. Оларды жиындарға, әсіресе тойларға және балаға қатысты салт-жоралғыларға шақырмаған деседі. 

“Десе де бедеулік әйелдерге ғана тән мәселе емес. Тарихта ерлер арасындағы бедеуліктің де мысалдары кездеседі. Бірақ қоғамда әйелді кінәлау оңайырақ болған. Мәселен, Наурыз мейрамының шығуы туралы аңыздардың бірінде Алаша ханның ұрпақсыз қалған Наурыз атты бауыры өзінен кейін есімі ұмытылып кетпеуі үшін мерекеге өз атын беруді өтінгені айтылады. Өйткені оның өзін еске алып, атын жалғастыратын ұрпағы болмаған. Бұл да ерлер арасындағы бедеуліктің тарихи мысалдарының бірі ретінде айтылады”, – дейді этнограф.

Зубайда Сұрғанованың айтуынша, бұрындары адамдар таза ауда жүріп, көп қимылдаған. Ал бұл адам ағзасына оң әсер береді дейді.

“Әрине, көп босану әйелдің денсаулығына әсер етті. Бірақ бұл әр әйелдің ағзасына байланысты әртүрлі болды. Бұрында әйелдер таңнан кешке дейін таза ауада көп жүріп, көп қимылдаған. Сәйкесінше одан денесі шыныққан. Ал қазір адамдардың өмірі көбіне кеңседе өтіп, кейін спортзалға барумен шектелсе, ол кезде күнделікті тіршіліктің өзі тұрақты дене еңбегін талап ететін. Тіпті дәстүрлі тағамдар да адамның денсаулығына оң әсерін берді”, – дейді этнограф.

Этнографтың сөзінше, XIX ғасырда қазақтардың дене бітімі мығым, денсаулығы мықты халық болған. Сол кезеңде қазақ әйелдерінің шебер шабандоз болғаны да айтылады.

Этнографтың айтуынша, дәстүрлі қазақ қоғамында жүктіліктің алдын алу мәселесі әйелдер арасында ғана талқыланған.

“Өз ағзасын жақсы білетін әйелдер қауіпсіз күндерді шамамен есептей алған. Оған қоса баланы ұзақ уақыт емізу келесі жүктіліктің алдын алуға көмектеседі деген түсінік болған. Кейбір балаларды бес-жеті жасқа дейін емізген жағдайлар кездескен. Әйелдер түрлі өсімдіктерді қолданып, жүктілікті кейінге қалдыруға ықпал ететін шөптерді пайдаланған”, – дейді Зубайда Сұрғанова.

Stan.kz
Бейсенбі, 02 Шілде, 2026 09:00