"Сасық иіс, қоқыс пен тарақан": Алматыда тұрғындар антисанитарлық жағдайда өмір сүріп жатқан екі қызға көмек сұрады

Алматыда көпқабатты үйде екі қыз бала туғаннан бері қоқысқа толы пәтерде өмір сүріп келеді. Көршілердің айтуынша, балалардың жағдайы жылдар бойы өзгермеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі КТК арнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Көршілердің айтуынша, пәтерден жағымсыз иіс шығып тұрады. Ал жиналған қоқыстың кесірінен жәндіктер пайда болған. Кешкі уақытта көршілер балалардың айқайлағанын жиі естиді.
Даулы пәтерде 51 жастағы Елена Евдокимова зейнеткер анасымен және сегіз және 14 жастағы екі қызымен бірге тұрады. Көршілердің айтуынша, балалар үйден сирек шығады және дұрыс тамақтанбайды. Алайда Еленаның өзі мұны жоққа шығарады. Әйел қыздарына қамқорлық жасайтынын және өмір салтына шағымы жоқ екенін жеткізді.
“Жағдайым жаман емес, бірақ толық жайлы деп айта алмаймын. Жұрт "балаларға орын бар ма?" деп сұрай береді. Үлкен қызымның менімен бірге тұрып, бірге ұйықтайтынында тұрған ештеңе жоқ. Кішкентай қызым да менімен бірге жатады. Түнде көрпесін ашып тастаса, бірден сеземін. Құшағыма алып, "Қызым, жылама" деп жұбатамын, сонда ол қайта ұйықтап кетеді. Үстін жауып қоямын, жағдайын бақылап отырамы”, – деді ол.
Тұрғындар Еленаның көршісінің сөзіне сенбейді. Осында 20 жылдан бері тұратын Татьяна Мажитова бірінші қабаттағы Еленаның пәтерінен шығатын жағымсыз иістің кесірінен үйінде демалып отыра алмайтынын алға тартты.
“Пәтерден, есіктен, терезеден сұмдық сасық иіс шығады. Соның салдарынан көрші және жоғарғы қабаттағы тұрғындар терезелерін аша алмайды. Тіпті аталған пәтердің үстінде тұратын адамдар жиі көшіп кетеді. Бұған қоса, подъезде тарақандар қаптап кетті”, – деді Татьяна Мәжитова.
Сондықтан көршілер полицияны жиі шақырады екен. Еленаның пәтеріне учаскелік полиция қызметкері ай сайын келеді. Бірақ ештеңе өзгермейді екен.
“2025 жылы полиция қызметкерлері ата-ана құқығынан айыру мәселесін көтерген болатын. Алайда сот алдында әйелге жағдайды түзетуге уақыт берілді. Бірақ уақыт көрсеткендей, жағдай өзгермеген. Олар әлі де антисанитарлық жағдайда өмір сүріп жатыр. Бұл мәселе Әуезов ауданы әкімінің жанындағы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау комиссиясының қарауына шығарылады”, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат Әзірбек.
Полициядан бөлек, бұл отбасыға әлеуметтік қызметкерлер де қызығушылық танытқан. Олар пәтерге барып, отбасы мүшелерімен сөйлескен. Нәтижесінде балаларды анасынан алып қоюға негіз жоқ деген қорытындыға келген.
“Тексеру нәтижесінде Елена Александровна Евдокимованы әрекетке қабілетсіз деп тану туралы сотқа жүгінуге негіз болатын белгілер анықталған жоқ”, – деді Алматы қаласының Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы.
Ал аудандық әкімдік бұл отбасының мәселесі жақын күндері шешілетінін мәлімдеді. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі ведомствоаралық комиссия отырысында Еленаны ата-ана құқығынан айыру мәселесі қаралмақ.
Қаскелеңдегі атышулы құпия ит сою орны мен ет тасымалы: Істің 1 жылдан кейін тоқтатылғаны белгілі болды
Оқыңыз